фото: newtimes.kz
Үй жинау, тамақ дайындау, бала тәрбиесі көп жағдайда "әйелдің міндеті" ретінде қабылданады. Бірақ осы жұмыстарды кәсіби қызметтердің бағасымен есептесек, олардың құны айына 1 миллион теңгеден де асуы мүмкін. Мәселен, клининг қызметкерінің бір күндік еңбегі шамамен 12 мың теңге, аспаз 15-20 мың теңге алады, ал бала күтушілердің айлығы 300-400 мың теңгеге дейін жетеді. Соған қарамастан, Қазақстанда мыңдаған әйел дәл осы жұмысты жалақысыз атқарып жүр.
Мысалы, Қазақстандағы клининг қызметтерінің бағасына қарасақ, бір бөлмелі пәтерді тазалау шамамен 7 мың теңгеден басталады. Екі бөлмелі пәтерде бұл қызмет 9 мың теңге, ал үш бөлмелі пәтерде 12 мың теңгеге дейін жетеді. Егер мұндай қызмет күн сайын көрсетілсе, айлық шығын жүздеген мың теңгеге жетуі мүмкін.
Редакция осындай клинингтік орталықтардың біріне хабарласып, үйдің шаршы метріне қарай баға да өзгеріп отыратынын білді. Орталық 3 бөлмелі, 63 шаршы метрлік пәтерді, балконы және 1 жуатынан бөлмені қоса алғанда, 60-65 мың теңгеден жоғары болатынын айтты. Алайда бұған пәтерді ылғалды тазарту кірмейтінін атап өтті.
Әлеуметтік желіден де бала күтушісі қызметіне қанша теңге алатынын салыстырып көрдік. Мысалы, кейбірі Алматы облысында 300-350 мың теңге, Астанада 200-250 мың теңге, Алматыдағы Әуезов ауданы үшін 380-400 мың теңге алатынын айтады. Бірақ осы бағаға 2 жасар және 5 пен 8 жастағы балаларды да қарау керек екенін жазып қойған. Мұнда ол күтуші болып қана қоймай, тағы да үй жинап, тамақ та жасау керек екені көрсетілген.
https://stan.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через