фото: pixabay.com
Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданған Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сатына сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес бұл өзгерістер Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді көздейді.
— Аталған бап медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді, — деп түсіндірді ведомство.
Фото: Астана әкімдігі
Құжат нормаларына сәйкес:
• күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;
• өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000-ға дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
• өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Сонымен қатар, заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін күшейту бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через