Балалар демалысын ұйымдастыратын жаңа цифрлық портал

Балалар демалысын ұйымдастыратын жаңа цифрлық портал
фото: pixabay.com

 Ұлттық білім беру платформасының базасында балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруға арналған "BalaCamp.kz" бірыңғай цифрлық порталын іске қосылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі таңда оны құру бойынша техникалық тапсырма әзірленіп жатыр. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

"Цифрлық платформа білім беру-сауықтыру орталықтарына мемлекеттік бағдарламаларға тең шарттармен қатысуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, балаларды және іске асырылатын бағдарламаларды автоматты түрде есепке алуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жекеменшік сектордағы қаржы ағындарының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді", – деді Серік Жұманғарин. 

Оның мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам жекеменшік білім беру-сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар жыл сайын мемлекеттік сатып алу шеңберінде жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ "Қазақстан халқына" қоырың қолдауымен "Жаздық жолдама" жобасы арқылы қаржыландырылатын квоталар алады. 

"Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында 2027 жылы 3 өңірде (Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстарында) білім беру-сауықтыру қызметтерін жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін пилоттық режимде енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жекеменшік орталықтарды қолдаудың қосымша шаралары "Даму" қорының жеңілдетілген несиелендіру тетіктері, материалдықтехникалық базаны жаңғырту арқылы пысықталуда", – деді Серік Жұманғарин.