WhatsApp

Алматы облысында 5 мың тонна пияз өтпей тұр

Алматы облысында 5 мың тонна пияз өтпей тұр
фото: https://pixabay.com/

Шеңгелдінің шаруалары қоймада қалған 5 мың тонна пиязды өткізе алмай, үкіметтен көмек сұрап отыр

Алматы облысындағы Шеңгелді ауылында шаруалар 5 мың тонна пиязын сата алмай отыр. Шеңгелдінің шаруалары былтыр бірнеше жүз гектарға пияз егіп, қойманы лық толтырған. Алайда өнім әлі күнге өтпей тұр.

"Қазіргі кезде қоймаларда 5 мың тонна пияз бар. Сұраныс жоқ, одан бұрын қоймадан шығару үшін бәленбай ақша керек. Пиязды қай жерге барып өткізерімізді білмейміз", - дейді Дастан Есдәулетов.

"Пияз керек болса бізге келіңіздерші" деген шеңгелділік диқандар қабын көтеріп күре жолда жүр.

"30 теңгеден де бере береміз. Дүкенде 100 теңгеден тұр. Ортадағы делдалдар бізден арзанға алып, қалаға қымбатқа сатып жатыр. Осы делдал дегенді жою керек. Үкімет, министрлік тарапынан бір шара қолдану керек. Сапалы пияз өсіру үшін гектарына 1,5-2 млн теңге қаражат кетеді. Біз оны ақтап ала алмай жатырмыз. Өйткені бізде су өте қымбат", - дейді шаруа.

Дастан Есдәулетовтың айтуынша, ауылда пияздан басқа соя, жүгері, жоңышқа егіледі.

"Бірақ оның бәріне су керек. Су қымбат. Тарифін нақты айта алмаймын. Қараша айында электр тарифі көтерілді, содан су қымбаттап кетті. Үкімет тарапынан субсидия бар, ол тікелей сорғы станциясына бөлінеді. Оған кішкене болса да көмек болып жатыр. Бірақ биыл субсидия азайды дейді, қаншаға азайғанын білмейміз", - дейді Дастан аға.

Шаруалар жүгері де егіп көрген. Бірақ элеваторлар алмапты.

"Бүкіл элеватордың бәрі шамадан тыс жүктеліп, жүгерімізді алмады. Екі жыл бұрын өткізіп қойған жүгеріміздің ақшасын әлі ала алмай жүрміз, қазір соттасып жатырмыз. Ешкім нақты келісімшарт жасамайды. Жоңышқаға су көп кетеді. Картоп егейік десек, өнім тегіс шықпайды", - дейді шаруалар.

Тағы бір үлкен мәселе – сапалы препараттардың тапшылығы мен қымбаттығы. Соның салдарынан егінді қорғау қиындық тудырып жатыр, ал қаржы жетіспегендіктен жердің бір бөлігі мүлде игерілмеген.

"Шаруалардың сөзінше, қазір зиянкестерді жоятын тиімді дәрілерді табу қиын. Арзан препараттар бар, бірақ олардың сапасы төмен. Сондықтан қажетті нәтиже бермейді. Ал шетелден келетін сапалы дәрілер өте қымбат. Оның үстіне, кейбірі қазір Қазақстанға мүлде кірмейді. Егер шаруалар қымбат препараттарды қолданса, онда егіннің өзіндік құны тым өсіп кетеді. Мұндай жағдайда өнімді нарықта сату тиімсіз", - деп түсіндірді Дастан Есдәулетов.

Диқандардың айтуынша, су станциясы да жекеменшіктің қолында. Сол себепті станцияларды қайта жөндеу бағдарламасына кірмей қалған. Әлеуметтік кәспкерлер корпорациясымен де жұмыс жолға қойылмаған.

"Егер әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясымен осы біздің өнімді алу туралы мәселе шешілсе, біз бұлай отырмаушы ек. Халық та арзан пиязбен қамтамасыз етілер еді", - дейді шеңгелділіктер.

Алайда шаруаның шағымына "Қонаев" әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясының өз уәжі бар.

"Қонаев" ӘКК диқандармен жеткілікті деңгейде жұмыс істемейді деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Біз қолданыстағы регламенттерге сәйкес ашық ынтымақтастық орнатуға тырысамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларына сәйкес, "Қонаев" ӘКК 2026 жылдың маусымаралық кезеңіне қажетті әлеуметтік көкөніс қорын қалыптастырды. Бұл жұмыс кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру арқылы жүзеге асырылды. Оның ішінде, 625 тонна пияз 2025 жылдың күзгі өнімін жинау кезінде Шеңгелді алқабының фермерлерінен сатып алынды. Тұрақтандыру қорына сатып алынатын өнімге лимит бекітілген", - дейді "Қонаев" ӘКК баспасөз қызметі.

Шеңгелдіде жалпы былтыр 16 000 тонна пияз жиналған. Қонаев қалалық әкімдігі өнімнің көп бөлігі сауда орындарына жіберлді дейді.

"Өнімнің 10,0%-ын немесе 1 600 тоннасын ірі сауда желілеріне өткізу мақсатында алдын ала келісімшарттар жасалды. Алматы облысы және Қонаев қаласы әкімдіктері тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне пияз өнімін өткізу үшін "Алтын Орда" әмбебап базарында тегін сауда орындарын ұсыну қарастырылған. Қазіргі уақытта "Фирма Алтай" ЖШС 1200 тонна пияз өнімін осы көтерме сауда базары арқылы өткізуде", - дейді Қонаев қалысының әкімдігі.

Ведомствоның мәліметінше, күзгі егін жинау кезінде пияз өнімін тікелей егістік алқаптарында 1 килограмын шамамен 45-70 теңгеден сатуға мүмкіндік болған.

"Алайда бұл баға өнімнің өзіндік құнынан небәрі 10-15 теңгеге жоғары болғандықтан, шаруашылықтар өнімді сақтау қоймаларына орналастыруды жөн көрді. Ауылдық округ аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған 7 қойма жұмыс істейді. Қоймалардың жалпы сыйымдылығы – 27 400 тонна. Шаруалар пияз өнімін қоймаларда сақтап, қысқы-көктемгі кезеңде өткізуді жоспарлаған. Жалпы 7 000 тонна пияз сақтауға қойылған", - дейді әкімдік.

Бүгінгі күні қоймаларда 3 970 тонна пияз сақталып тұр, оның ішінде:

"Арыстан" ШҚ – 500 тонна;

"Етекбаев" ШҚ – 500 тонна;

"Компания Ант" ЖШС – 70 тонна;

"Агрофирма "Nur Agro" қоймасы – 2 900 тонна.

"Қазіргі уақытта нарықта пияз өніміне деген сұраныс толық қамтамасыз етілген. Сұраныстың төмендеуіне байланысты пияз өнімінің сауда айналымы баяулаған. Осыған байланысты "Алтын Орда" әмбебап базарында ұсынылатын тегін сауда орындарының санын ұлғайту мәселесі қарастырылыа жатыр. Шаруаларға сенбі күндері өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде пияз өнімін төмендетілген бағамен сату мүмкіндігін қарастыру ұсынылды", - дейді Қонаев қаласының әкімдігі.

Су беру қызметтері төмендегі тарифтер бойынша көрсетіледі:

"Алматыоблводхоз" МКК – 51,2 теңге/м³;

"2NS" ЖШС – 15,0 теңге/м³;

"Көксу" ЖШС – 18,33 теңге/м³;

"Овощводхоз" ЖШС – 19,089 теңге/м³.

Әкімдіктің айтуынша, қазіргі уақытта тариф көтерілген жоқ. Электр энергиясының қымбаттауына байланысты көтерілуі мүмкін. Ондай кезде алдын ала шаруаларға хабарланып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Дерек көзі: https://sputnik.kz