фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Muzka
Биыл еліміздің көптеген өңірінде қыс жұмсақ болып, табиғат ерте оянып келеді. Соның бір айғағы — Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғау аймағында көктемнің алғашқы хабаршысындай болып бәйшешектердің бүр жаруы.
Қысқы тыныштықтан кейін Қаратау жоталары қайта жандана бастады. Күннің жылып, қардың еруімен бірге тау бөктерінде нәзік те әсем, ақ түсті алғашқы көктем гүлдері көріне бастады. Бұл — табиғаттағы маусым алмасуының, жаңа өмір кезеңінің басталғанын білдіретін ерекше құбылыс.
Қорық мамандарының айтуынша, бәйшешектердің көктеп шығуы тікелей ауа райына байланысты. Қар еріп, жер беті жылына салысымен, олар бірден бой көрсетеді. Мамандар бұл көріністі көктемнің алғашқы тынысы, табиғаттың жаңа руын бейнелейтін ерекше белгі деп бағалайды. Қаратаудың баурайында гүл ашқан әрбір бәйшешек тіршіліктің қыстың қатаң сынағынан кейін де қайта жандана алатынын еске салады.
Дегенмен экологтер нәзік гүлдерге ұқыптылық пен қарауға шақырады. Бәйшешектер Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, сирек кездесетін және мемлекет қорғауындағы өсімдіктер қатарына жатады. Оларды жұлу табиғатқа орны толмас зиян келтіріп, жойылып кету қаупін арттырады. Заң бойынша мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.
Сондықтан қорық өкілдері көктемнің көркін тек алыстан тамашалап, бәйшешектердің әсемдігін суретке түсіру арқылы ғана бөлісуге кеңес береді. Себебі бұл гүлдер — тек көктемнің символы емес, табиғи тепе-теңдіктің маңызды бөлігі.
Айта кетейік, алғашқы көктем гүлдерінің ерте шығуы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде табиғаттың ояну кезеңі басталғанын аңғартады. Қаратау үшін бұл — жылы маусымның келгенін білдіретін алғашқы белгілердің бірі. Бұған дейін қыстың соңында сирек кездесетін Алатау бәйшешегінің де гүлдегені белгілі болған еді.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через