фото: https://brestcity.com
Байкал көлінде "УАЗ" көлігі мұз астына кетіп, жеті турист пен жүргізуші қаза тапты.
Оқиға 20 ақпан күні түстен кейін болған. Шамамен сағат 15:00-де жүргізуші Хужир ауылындағы демалыс орнынан шығып, туристерді Хобой мүйісіне қарай мұз үстімен алып бара жатқан. Жолда көлік мұздың жарылған тұсына түсіп, су астына кеткен.
Көлікте тоғыз адам отырған: сегізі – Қытайдан келген турист, бірі – 44 жастағы жергілікті жүргізуші. Қаза тапқандардың арасында 2013 жылы туған бала да бар. Бір жолаушы аман қалып, көліктен шығып үлгерген.
Қайтыс болғандардың арасында бір отбасы – ерлі-зайыптылар, олардың 14 жастағы баласы және тағы бір туысы болғаны хабарланды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің айтуынша, олар сапарды туроператорсыз, жүргізушімен тікелей келісіп ұйымдастырған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, көлік ені шамамен үш метр болатын мұз жарығына түскен. Оқиға орнындағы су тереңдігі 18 метрге жетеді.
Аман қалған жолаушы қазір демалыс базасында, жақын күндері тергеушілер одан жауап алады.
Аймақ басшысы Ольхон аралына баратын мұз өткелі әлі ресми түрде ашылмағанын еске салып, мұз үстіне шығу қатаң тыйым салынған әрі өмірге қауіпті екенін тағы да атап өтті.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через