фото: Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қарағанды зообағында үш жолақты гиена мен екі гиенатектес ит қоныстанды. Барлық жануар жас, қазіргі уақытта жаңа жағдайға бейімделу сатысынан өтіп жатыр, деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Қазір мұнда жолақты гиенаның екі ұрғашы және бір аталығы, сондай-ақ гиенатектес иттердің бір аталығы мен бір ұрғашы түрі бар. Жануарлар Қарағандыға Ереваннан алмасу бағдарламасы аясында жеткізілді. Бұған дейін Қарағанды зообағы Армения астанасына жас жыртқыштарды жолдаған", - деп жазылған хабарламада.
Зообақ директоры Гүлнар Адамбекованың айтуынша, жануарларды беру жөніндегі келіссөз шамамен бір жыл жүргізілген.
"Жолақты гиеналар мен гиенатектес иттерді беру туралы келіссөз шамамен бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде біз олар үшін кең вольер дайындап, күтім жасауға қатысты барлық қажетті ақпаратты зерделедік. Жалпы алғанда, оларды күту күрделі емес, азық рационы да экзотикалық емес. Олар ет, тауық еті, тірі жем жейді. Біз өз жыртқыштарымызды да осындай азықпен қоректендіреміз", — деді Гүлнар Адамбекова.
Жануарлар Ереваннан Қарағандыға ұшақпен жеткізілді. Ауа температурасының төмен болуына байланысты жерүсті тасымалынан бас тартылды, өйткені гиеналар мен гиенатектес иттер жылусүйгіш.
Қазіргі уақытта жануарлар карантинде. Оларға тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Соған қарамастан, келушілер жаңа тұрғындарды көре алады. Алайда күндіз олар көбіне ұйықтайды, себебі табиғатына сай гиеналар мен гиенатектес иттер түнгі уақытта белсенді.
Қарағанды зообағында үш жолақты гиена мен екі гиенатектес ит қоныстанды
Көктемге дейін жыртқыштар жылытылатын ғимаратта болады. Жылы кезең басталғанда оларды қасқырлардың жанындағы ашық вольерге көшіру жоспарланып отыр. Онда жануарларға кең әрі жайлы жағдай жасалады.
Директордың айтуынша, зообақ жаңа тұрғындар толық бейімделіп, болашақта ұрпақ әкеледі деп үміттенеді.
"Барлық жануар жас, дені сау және өте белсенді. Тәбеті жақсы. Айта кету керек, қалыптасқан стереотиптерге қарамастан, гиеналар өте мейірімді әрі ақылды. Интеллект жағынан олар приматтарға жақын. Гиеналар адамдарды есте сақтап, ажырата алады. Қазір олар өздеріне күтім жасайтын киперлерге белсенді түрде үйреніп жатыр", — деп атап өтті Гүлнар Адамбекова.
Жолақты гиеналар 2008 жылдан бері Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл – Африкадан тыс жерлерде кездесетін гиеналардың жалғыз түрі. Қарағанды зоологиялық бағына жолақты гиеналар алғаш рет әкелініп отыр.
Дерек көзі: https://sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через