фото: https://pixabay.com/ru/
Соңғы жылдары Қазақстанда психологиялық қызметке деген сұраныс айтарлықтай артты. Алайда бұл саланың нақты ережелермен, ортақ стандарттармен толық реттелмеуі түрлі тәуекелдерге жол ашып келді. Енді бұл олқылықтың орны толмақ.
Мәжілісте талқыланған жаңа заң жобасы психологиялық қызметті алғаш рет заңнамалық деңгейде жүйелеуді көздейді. Құжат сала мамандарына қойылатын талаптарды нақтылап, жауапкершілікті күшейтуді мақсат етеді. Бұл – азаматтардың психикалық денсаулығын қорғау жолындағы маңызды қадам.
Заң жобасы аясында психолог қызметінің қағидаттары, бағыттары мен мазмұны айқындалып, бірыңғай кәсіби стандарт енгізіледі. Бұл стандарт тек практик-мамандарға ғана емес, жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарына да ортақ негіз болмақ.
Ең басты жаңалықтың бірі – барлық практик-психологтардың арнайы тізімге енгізілуі. Мұндай жүйе нарықты реттеп, кәсіби дайындығы жоқ, жауапкершіліксіз қызмет көрсететін тұлғалардың алдын алуға мүмкіндік береді. Яғни, психолог мамандығы формалды атақ емес, нақты біліктілік пен заңмен бекітілген мәртебе ретінде қалыптасады.
Мәжіліс комитеті заң жобасын жұмысқа қабылдап, оны әрі қарай жетілдіру кезеңіне өткізді. Бұл бастама психологиялық көмектің сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы сенім мен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через