фото: https://pixabay.com/
Қазақстан кейінгі жылдарда Қытай мен Еуропадан бастап, солтүстік пен Таяу Шығысты жалғап жататын торапқа айналу бастамасына ден қойып отыр.
Геосаяси жағдайлар күрделеніп, экономиканың тірегі болып келген "қара алтынды" жөнелту қиындаған шақта берісі Түрікменстан, Ауғанстан, әрісі Пәкістан бағытына дейін зер салынып, келісімдер жасалуда. Бұл мақсатты іске асыруға үкіметтің шама-шарқы жете ме?
Әуелі кейінгі жылдардағы статистикаларға қарайық. 2023 жылы Қазақстанның транзиттік тасымал көлемі 24,8 млн тонна болса, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жетті. Ал былтыр 10 айда 29,4 млн тоннаны құраған. Осы қарқынмен үкімет 2029 жылы тасымал көлемін 67 млн тоннаға дейін көтермек.
Әрине, өсім болып жатқанына ешкім дауласпайды. Бірақ межеден бөлек, мін де жетерлік. Логистикалық хабқа айналу үшін мемлекетке автожол мен теміржолдың сапасы мен санын арттыру керек. Бірақ ол үшін ел ішінде құрылысқа қажет материалдарды өндіретін зауыттар болғаны абзал. Бұл тұрғыда мақтана алмасымыз белгілі.
Ал әзірге керек-жарақтың түгеліне жуығын Қытай мен Ресейден тасымалдап жатқанымыз жасырын емес. Тіпті, салада қытайлық компаниялар мен мамандардың үлесі көп және олардың тәжірибесіне, шеберлігіне күмән келтірмейміз.
Еліміз осыған дейін Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін дамытуға күш салды. Нәтиже бар, бірақ сол Каспий жағасындағы Орта дәлізге дейін тауарды жеткізіп алу қосымша мәселе болып тұр. Инфрақұрылым, соның ішінде теміржол қажет екені байқалады. Қазір үшжылдықты қамтитын "Бейнеу – Сексеуіл" "Орталық – Батыс" жобасы іске асырыла бастады. Оған Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Дүниежүзілік банк қаржылай қолдау көрсетуі мүмкін.
Жалпы, 2026 жыл Қазақстан экономикасы үшін күрделі кезең ретінде есте қалуы мүмкін. Өйткені бюджеттің бүйірін толтырған "қара алтын" экспорты жыл басталмай жатып-ақ тұралады. Қазақ мұнайының 80 пайызын батысқа жеткізіп отырған, Ресей жері арқылы өтетін Каспий құбырының жағдайы мәз емес. Саяси себептер бар екенін білеміз. Бұндай тоқырау алдағы уақытта да жалғаса беруі мүмкін. Демек, Қазақстан өзіне табыс әкелетін "жаңа мұнайды" іздегені жөн. Ал сол табыстың көзі – дәл осы логистика саласы.
"Транзиттен түсетін табыс – мұнай немесе металл сияқты шикізат емес, бұл – тұрақты қызмет көрсету экономикасы. Біз өз аумағымыз арқылы өтетін әрбір жүк үшін ақша табамыз, теміржол тарифтері, автожол төлемі, логистикалық қызметтер, терминалдар, қоймалар – барлығы бюджетке кіріс әкеледі. Көлік саласы жалғыз дамымайды, өзімен бірге тұтас экожүйе алып келеді. Жол салынса, оның бойында сервистік бизнес дамиды. Теміржол күшейсе, логистикалық орталықтар, қоймалар, кедендік қызметтер көбейеді. Бұның бәрі жаңа жұмыс орындарын қамтып, шағын және орта бизнеске мүмкіндік тудырады. Көлік дәлізін тек экономикалық құрал емес, геосаясат деп қарастырамыз. Қай елдің аумағында тасымал күшті, соның ықпалы артады. Бұл тұрғыда Қазақстан баламалы әрі қауіпсіз аймақта тұр", – дейді қаржы сарапшысы Бексұлтан Тұрсынбекұлы.
Әзірге Қазақстан жері арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Соның бесеуі теміржол болса, сегізі – автомобиль жолы. Бұның саны алдағы уақытта көбейе жатар, әйтеуір Көлік министрлігі кей бағыттарға күш салып жатыр екен.
Трансшекаралық хабтарды құру мен дамыту үшін Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. "Орталық Азия" өнеркәсіптік кооперация орталығы үшін теміржол желісі салынып жатыр. "Нұр жолы" автомобиль өткізу пунктінің айналма жолына жөндеу өткізілсе, Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Құрық портында көпфункционалды терминал құрылысы жүруде.
Иә, ұмтылыс пен мақсат-міндет көп, аздаған өсім де бар. Дегенмен логистика саласы әзірге экономиканың толыққанды драйвері бола алмай отыр. Бюджет мұнайға телмірмей, жолға телміруі үшін әлі онжылдық кезең қажет болуы мүмкін.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через