фото: https://pixabay.com/ru/
Көктем жақындаған сайын су тасқыны қаупі тағы да күн тәртібіне шықты. Соңғы жылдардағы табиғи апаттар бұл мәселенің маусымдық емес, жүйелі сипат алғанын анық көрсетті. Осыған байланысты Үкімет өңірлердің дайындық деңгейін қайта пысықтауға кірісті.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Басқосуда су шаруашылығы нысандарының жағдайы, жолдар мен көпірлердің қауіпсіздігі, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел ден қою күштерінің әзірлігі жан-жақты қаралды.
Кеңес барысында вице-премьер су тасқынын болжауға арналған Talsim және Tasqyn жүйелерінің деректерімен танысты. Бұл жүйелер ықтимал қауіп аймақтарын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәуекел деңгейі жоғары өңірлердің есептері тыңдалып, нақты ахуал сараланды.
Бүгінге дейін өңірлерде ауқымды алдын алу жұмыстары атқарылған. Қорғаныс бөгеттері салынып, дренаж жүйелері жаңартылды, өзен арналары тазартылып, жағалаулар бекітілді. Автомобиль және теміржол инфрақұрылымында су өткізу құрылыстары орнатылып, кейбір облыстарда көпірлер күрделі жөндеуден өтті. Бұл – табиғи қауіптің салдарын азайтуға бағытталған маңызды қадамдар.
Алайда мамандардың болжамы алаңдатарлық. «Қазгидромет» мәліметінше, биыл көктемде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы мүмкін. Өткен күздегі мол жауын салдарынан кей өңірлерде жер бетінде мұз қыртысының қалыптасуы жағдайды одан әрі қиындатуы ықтимал.
Осыған байланысты Қанат Бозымбаев Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, барлық ықтимал сценарийлерге дайын болу – уақыт талабы.
Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге өзендерде қажет болған жағдайда алдын ала жарылыс жұмыстарын жүргізу, су бұру арналары мен су өткізу құрылыстарын тазалау, сондай-ақ қарды тек қалаларда емес, ауылдық елді мекендерде де уақытылы шығару міндеттелді.
Табиғи апаттың алдын алу – тек құжат жүзіндегі жоспар емес, нақты әрі үздіксіз атқарылатын жұмыс. Ал бұл жауапкершілік орталық билікпен қатар жергілікті атқарушы органдарға да тікелей байланысты. Көктемгі су тасқынына дайындықтың сапасы ертеңгі қауіпсіздіктің басты өлшеміне айналмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через