Әнші Ерболат Құдайбергенов жұрттың тыныштығын бұзды

Әнші Ерболат Құдайбергенов жұрттың тыныштығын бұзды
фото: simfonia.kz/www.shazam.com

Алматыда әнші Ерболат Құдайбергенов наркологиялық мекемеге 15 тәулікке орналастырылды, деп хабарлады kaz.inform.kz. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның Алматыдағы наркологиялық орталықтың маңында жүргені түсірілген видео тараған еді. 

Фото: видеодан алынған скрин

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғындарынан көршісінің агрессивті мінез-құлық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзып жүргені туралы хабарлама түскен.

— Учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына жедел түрде барды. Ақпарат расталды: азаматтың жағдайы қалыпты емес екені анықталып, айналасындағыларға агрессия танытып, тұрғындардың тыныштығына қауіп төндірген, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Ерболат Құдайбергенов медициналық тексеруден өткен. Ол дәрігерлердің қорытындысы бойынша 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері оны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, азаматтардың тыныштығын бұзу, тіркеусіз тұру және қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Полицияның мәліметінше, бұл Құдайбергеновтің қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты тіркелген алғашқы оқиғасы емес. Ол бұған дейін де осындай құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.