фото: pixabay.com
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы қабылдау бөліміне 8 жасар бала 7 тәулік бойы ішінің ауруына, тәбетінің болмауына және құсу белгілеріне шағымданып түсті. Әжесінің айтуынша, бала соңғы күндері тамақтан бас тартқан. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kz.otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігерлер тексеру барысында іш қуысын пальпациялау кезінде асқазан тұсынан бөгде түзілісті анықтады. Жүргізілген инструменталды зерттеулер нәтижесінде асқазанда бөгде дененің бары белгілі болды.
Бала шұғыл түрде отаға алынып, хирургиялық араласу барысында асқазаннан ірі көлемді шаш жиынтығы алынды.

Фото: ШҚДСББҚ
Мұндай жағдай медицинада трихобезоар деп аталады. Бұл – асқазанда жиналған шаш массасы. Аталған сырқат салыстырмалы түрде сирек кездеседі және көбіне балаларда, жасөспірімдерде, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жас әйелдер арасында байқалады.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты, медициналық бақылауда.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через