фото: https://pixabay.com/ru/
Қазақстанда мал шаруашылығында еңбек ететін азаматтар үшін зейнет жасын төмендету жоспарланып отыр. Бұл бастама 2026-2030 жылдарға арналған агробизнес пен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар жобасында қарастырылған.
Мал шаруашылығын дамыту жоспары талқыланды
Ауыл шаруашылығы министрлігінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, салалық қауымдастық өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Отырыста Қоғамдық кеңестің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, кәсіби қауымдастықпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды. Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасы болды.
Қандай өзгерістер көзделген?
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжат мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін арттыруға, өнімділікті өсіруге және экспорттық әлеуетті күшейтуге бағытталған. Жоспарды әзірлеуге Парламент депутаттары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, қаржы секторы, ғылым мен бизнес өкілдері, соның ішінде «Атамекен» ҰКП қатысқан. Жалпы 9 отырыс өтіп, 154 ұсыныс қаралған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, кешенді жоспар нақты әрі өзара байланысты шаралар топтамасынан тұрады. Негізгі басымдық – мал шаруашылығын қаржыландыруды қолжетімді ету.
Атап айтқанда:
- асыл тұқымды мал сатып алуға 6 пайызбен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру;
- айналым қаражатын толықтыруға мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша 5 пайызбен несие ұсыну;
- бұл қаржы жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринариялық дәрі-дәрмек және өзге өндірістік шығындарға жұмсалуы мүмкін.
Жайылымдар мен қайта өңдеу саласына қолдау
Пайдаланылмай жатқан жайылымдардың әлеуетін іске қосу үшін көшпелі мал шаруашылығын дамытуға 6 пайыздық бірыңғай несие өнімі енгізу жоспарланған. Барлық несиелер «Даму» қоры арқылы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар құжатта мал өнімдерін терең өңдеу, ветеринариялық қауіпсіздік және цифрлық бақылауды дамыту мәселелері қамтылған.
Малшыларға әлеуметтік қолдау күшейеді
Кешенді жоспардың маңызды бөлігінің бірі – кадр мәселесі мен әлеуметтік қолдау. Атап айтқанда:
- қойшылар мен бақташылар үшін зейнет жасын төмендету;
- әскерге шақыруды кейінге шегеру;
- олардың балаларына білім гранттарын басымдықпен бөлу ұсынылған.
Сарапшылар не дейді?
Қоғамдық кеңес мүшелері егін шаруашылығын мал шаруашылығымен ұштастыру, жайылымдық жем өндірісін дамыту, қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарын қолдау, ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау, малшыларға арналған тұрғын үй құрылысын субсидиялау сияқты ұсыныстарын білдірді.
QazaqSut республикалық сүт және аралас ірі қара тұқымдары палатасының директоры Азамат Сағынбаевтың айтуынша, құжат фермерлердің пікірін ескере отырып әзірленген.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасын бірауыздан қолдады.
https://baq.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через