МӘМС азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасына қызмет етуі тиіс

МӘМС азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасына қызмет етуі тиіс
фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/witsarutsakorn

       Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың өзегіне айналған мәселелерге арнайы тоқталды. Соның ішінде медициналық-әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың денсаулығын қорғауда әділетті әрі тиімді тетіктерді қалыптастыру қажеттігі баса айтылды.

       Ұлттық құрылтай мінберінде Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттағы ең өзекті әрі өткір мәселелердің біріне арнайы тоқталды. Ол – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төңірегінде орын алып отырған заңсыздықтар мен алаяқтық әрекеттердің қоғамға төндіріп отырған қаупі.

       Президенттің айтуынша, жүргізілген кешенді тексерістер қор қызметінде бірқатар өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған. Құжаттарды қолдан жасау, көрсетілмеген қызметтерді «қосып жазу», сондай-ақ ірі көлемде қаржы жымқыру фактілері тіркелгені айтылды.

       Бұл әрекеттердің әрқайсысы – тек қаржылық шығын ғана емес, халықтың мемлекетке деген сеніміне сызат түсіретін қауіпті құбылыс. Себебі медициналық сақтандыру жүйесі ең алдымен азаматтардың денсаулығы мен өмір сапасына қызмет етуі тиіс.

       Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға жыл сайын триллиондаған теңге бағытталып отырғанын атап өтті. Алайда соған қарамастан, бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы мен талан-таражға салынуы әлі де тоқтамай отырғанын қынжыла жеткізді.

       Президент мұндай заңсыздықтармен күресті күшейту қажеттігін баса айтты. Әр теңгенің нақты емге, нақты адамға жетуі – әділетті әлеуметтік саясаттың басты өлшемі екенін ескертті.

       Сонымен қатар, қаржыны басқаруда ашықтықты арттыру, бақылау тетіктерін қатаңдату және жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігі күн тәртібіне қойылды.

       Бұл сөздер қоғам үшін айқын белгі іспетті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тазарып, тиімді жұмыс істегенде ғана халықтың сенімі артып, елдің денсаулық сақтау саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі.

       Әлеуметтік әділеттілік, халықтың амандығы мен елге деген сенім – мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Әрбір бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы, әрбір қабылданған шешімнің халық игілігіне қызмет етуі – Отан алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.