фото: freedom-travel.kz
Еуропаға сапарлауға қатысты виза талаптарын жеңілдету мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл бағыттағы негізгі ұстанымдар мен басымдықтар айқындалып, тараптар алдағы қадамдарды белгіледі.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі визалық саясатты ырықтандыруды және халықаралық іскерлік, көші-қон байланыстарын кеңейтуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан 39 мемлекетпен визасыз режим орнатқан.
Ведомство Еуропа одағымен визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерге де түсініктеме берді. Атап айтқанда, 2025 жылдың желтоқсан айында Брюссель қаласында Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағы арасында визаларды беру тәртібін жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер бойынша ресми келіссөздердің алғашқы раунды өткен.
Келіссөз барысында тараптар келісім жобаларына қатысты жан-жақты пікір алмасып, негізгі тәсілдер мен басым бағыттарды нақтылады. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласып, келесі консультацияларды жақын арада Астана қаласында өткізу жоспарланған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан аумағына 87 елдің азаматтары визасыз кіре алады. Бұдан бөлек, 107 елдің азаматтары үшін электронды виза алу мүмкіндігі қарастырылған.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через