Дубай шоколады – 2025 жылдың ең көп сатылған тәттісі

Дубай шоколады – 2025 жылдың ең көп сатылған тәттісі
фото: pexels.com

2025 жылы Дубай әуежайларындағы бажсыз саудада ең көп сұранысқа ие өнім — вирустық танымалдыққа ие болған дубай шоколады болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Dubai Duty Free деректеріне сәйкес, бір жыл ішінде бұл тәтті кәдесыйдың 719 тоннасы сатылған. Ол жолаушылар арасында ең танымал тауарлардың біріне айналды. Әсіресе осы сауда желісіне арнайы шығарылған эксклюзивті өнімдер үлкен сұранысқа ие болды.

Олардың қатарында Patchi Pistachio Kunafa Bar шоколад батончығы мен Habibe Chocolate бренді өнімдері бар.

"Кондитерлік өнімдер сатылым көлемі бойынша 845,486 миллион дирхамды немесе 231,64 миллион АҚШ долларын құрап, бесінші орынға шықты. Бұл жалпы жылдық сатылымның 9,74 пайызын құрайды", — делінген хабарламада.

Аталған көрсеткіш Dubai Duty Free желісінің рекордтық сатылымдарының бір бөлігі болды. Жалпы жылдық табыс 8,68 миллиард дирхамға немесе 2,3 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Сауда желісінде ең көп сатып алынған тауарлар мыналар:

  • иіссулар — 1,6 миллиард дирхам немесе 432 миллион доллар (жалпы табыстың 18,45 пайызы);
  • алкоголь өнімдері — 1,06 миллиард дирхам немесе 286 миллион доллар (12,22 пайыз);
  • алтын — 896,46 миллион дирхам немесе 242 миллион доллар (10,33 пайыз);
  • темекі өнімдері — 883,6 миллион дирхам немесе 238,5 миллион доллар.

Дубай шоколады — ішінде кадаиф пен фисташка қоспасынан жасалған салмасы бар тәтті өнім. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде өндіріледі. Бұл өнім 2021 жылы пайда болып, қысқа уақыт ішінде саяхатшылар арасында кең танымалдыққа ие болды. Дубай шоколады туралы алғашқы бейнежазба TikTok желісінде 2023 жылы жарияланып, 120 миллионнан астам қаралым жинады.