"Дәретханалар істен шықты". Air Astana ұшағы шұғыл түрде Бейжіңге қонды

"Дәретханалар істен шықты". Air Astana ұшағы шұғыл түрде Бейжіңге қонды
фото: pixabay.com

Air Astana ұшағы техникалық ақауға байланысты бағытынан ауытқыды.
                           

 Бүгін, 8 қаңтар күні "Сеул – Астана" бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының KC210 рейсі шұғыл түрде Бейжің қаласына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды  Informburo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақ техникалық ақауға, нақтырақ айтқанда ұшақ ішіндегі барлық дәретхананың істен шығуына байланысты бағытынан ауытқыған.

"Рейс Сеул қаласынан жергілікті уақыт бойынша сағат 09:25-те ұшып шығып, Бейжің уақытымен 11:50-де қонған. Қазіргі уақытта әуе компаниясының техникалық мамандары ақауды жою жұмыстарын жүргізуге дайындалып жатыр. Қосалқы бөлшектер жеткізілген соң, дәретханалар жөнделеді. Рейстің қайта ұшуы жергілікті уақыт бойынша сағат 01:00-ге жоспарланған", – деп мәлімдеді Air Astana компаниясы.

Әуе компаниясы жолаушыларға көрсетілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жағдай толық бақылауда екенін атап өтті.

Материал  Informburo.kz сайтынан алынды.