Әлемдегі ең қымбат брендтердің рейтингі жарияланды

Әлемдегі ең қымбат брендтердің рейтингі жарияланды
фото: pixabay.com

2026 жылғы 20 қаңтарда Brand Finance консалтингтік компаниясы әлемдегі ең қымбат брендтердің рейтингін жариялады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы  Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Рейтингтің көшін Apple компаниясы бастады. Ақпаратқа сүйенсек, технологиялық алпауыттың бренд құны 607,6 млрд АҚШ долларын құрады.

"Apple компаниясының құны 6%-ға өсті", – делінген Brand Finance жарияланымында.

Екінші орынға Microsoft жайғасты. Компанияның бренд құны 565,2 млрд доллар деп бағаланды. Ал үшінші орында Google тұр – оның құны 433,1 млрд долларды құрайды.

Фото: pixabay.com.

Үздік үштіктен кейінгі орынға Amazon орналасып, компанияның құны 369,9 млрд доллар болды. Ал бестікті Nvidia түйіндеді – оның бренд құны 184,3 млрд доллар деп бағаланды. Бұл ретте, Nvidia бағасы екі есеге жуық өскен, осылайша, ол TikTok, Walmart, Samsung және Facebook компанияларын басып озды. 

Айта кетейік, өткен жылы Nvidia бұл тізімде тек тоғызыншы орында болған.

Сарапшылар YouTube-ты әлемдегі ең қуатты бренд деп таныды, ал қытайлық WeChat екінші орынға шықты. Өз кезегінде, Microsoft бренд күшінің көрсеткіші бойынша Google мен LEGO-ны басып озып, үшінші орынға ие болды.

Ең қымбат брендтердің жартысынан көбі АҚШ-қа тиесілі, 15%-ы Қытайдан, ал 5,6%-ы Германиядан шыққан компаниялар.