Жаңа жыл түні дәрігерлер, өрт сөндірушілер де күшейтілген режимде жұмыс істейді

Жаңа жыл түні дәрігерлер, өрт сөндірушілер де күшейтілген режимде жұмыс істейді
фото: pixabay.com

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ішкі істер министрлігі бүкіл ел бойынша «Құқықтық тәртіп», «Шырша» және «Пиротехника» шараларын қолға алды, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Жаңа жыл түні тәртіп сақшыларымен қатар, дәрігерлер мен өрт сөндірушілері де тыным таппайды, деп жазды ktk.kz. Үкімет басшысы қазірден бастап барлық жауапты мамандарға күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшуді тапсырды. 

Өйткені, дәл Жаңа жыл қарсаңында отшашулар мен петардаларды дұрыс пайдаланбауға байланысты жарақаттар, өрттер және апаттар саны күрт артады. Сондықтан полиция өрт сөндіру қызметімен бірлесіп, пиротехникалық өнімдердің айналымын бақылау үшін жыл сайын арнайы бақылау жүргізеді.

Фото: pixabay.com.

 Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Астана, Алматы, Шымкент шаһарларының әкімдері мен қоғамдық-құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін мамандар бас қосып, алдағы жаңа жыл түнінің ың-шыңсыз өтуін қадағалау жолын талқылады. 

Еске салсақ, 30 – 31 желтоқсанда елімізде бас-аяғы мыңнан астам іс-шара өткізіледі. 

Игорь Лепеха, ҚР ІІМ вице-министрі: — Мереке күндері полиция қызметкерлері тәулік бойы концерт өтетін алаңдарды күзетеді. Жедел басқару орталығының кезекшілері де күні-түні, қандай да бір құқық бұзу туралы мәліметті жеткізеді.  Ауа райы бұзылған жағдайда, республикалық маңызы бар жолдар жабылып, арнайы мамандардың көмегімен жолда екі ортада қалып қойған адамдар құтқарылады.

Негізгі назар заң мен қызметтік тәртіпті қатаң сақтауға, сондай-ақ алдағы Жаңа жыл мейрамы кезіндегі міндеттерді жауапкершілікпен орындауға аударылды. Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов атап өткендей, жұмыс көлемінің артуы жағдайында кәсібилік, сабырлылық және азаматтармен дұрыс қарым-қатынас жасау ерекше маңызды.

«Мереке күндері полиция қызметкерлері елдің ең ірі мегаполисінде қоғамдық қауіпсіздік үшін ерекше жауапкершілікте болады. Сондықтан, барлық жүктелген міндеттерді орындауда заңға, қызметтік тәртіпке және азаматтарға дұрыс қарауға сөзсіз баса назар аудару қажет», - деп атап өтті Құсайынов.