фото: © Vstretim-Prazdnik!com 2021
Жаңа жыл қарсаңындағы салтанатты рәсімге жүздеген қала тұрғыны қатысты
Қаланың барлық ауданында жаңа жылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылды.
Негізгі мерекелік іс-шара Абай алаңында, Республика сарайының алдында өтті. Бұл жерде биіктігі 22 метр болатын қаланың бас шыршасы орнатылды. Жаңа жыл қарсаңындағы салтанатты рәсімге жүздеген қала тұрғыны қатысты.
"Бас шыршаны безендіруге 7 шақырымнан астам жаңа жылдық гирляндалар, сондай-ақ жарқын сәндік элементтер, үлкен және кіші шырша ойыншықтары, тақырыптық жаңа жылдық әшекейлер мен жарық кескіндемелері пайдаланылды", - дейді әкімдік.
Қала тұрғындары мен қонақтарына заманауи мультимедиялық технологияларды, ауқымды жарық безендіруді және қазақстандық эстраданың танымал орындаушыларының өнерін біріктірген мазмұнды мерекелік бағдарлама ұсынылды.
Қаланың жаңа жылдық бас шыршасының шамын жағу рәсімінің алдында екі минуттық лазерлік шоу көрсетілді.
Ғимараттың қасбетінде Алматының өзіндік болмысын бейнелейтін ауқымды жарық кескіндемелері көрсетілді. Көрнекі бейнелерде қаланың танымал символдары — таулар, бүркіт бейнесі, сондай-ақ жаңа жылдық элементтер қолданылды. Композицияны жарқын қар ұшқындары, нәзік жарық өрнектері мен динамикалық жарық сәулелері толықтырып, мерекелік әрі салтанатты атмосфера қалыптастырды.
Бағдарламаның тағы бір басты бөлігі, жарық шоуын әсем толықтырған сахналық фейерверк болды, ол мерекелік көңіл күйді одан әрі күшейтті.
Көрермендерге қазақстандық эстрада жұлдыздары, шоу-балет артистері мен мәнерлеп сырғанаушылар орындаған "Кел, Жаңа жыл!" композициясы ұсынылды.
Жаңа жылдық шыршалардың шамын жағу салтанаты қаланың барлық сегіз ауданында өтті.
Дерек көзі: https://sputnik.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через