фото: https://www.pinterest.com
Аустралия мен Оңтүстік Корея билігі танымал Labubu ойыншықтарының жалған көшірмелері балалардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретіні жөнінде ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform.
Оңтүстік Кореяның кеден қызметінің мәліметінше, Қытайда шығарылып жатқан Labubu ойыншықтарының көшірмелерінде токсиндік заттардың мөлшері рұқсат етілген деңгейден бірнеше есе жоғары болған. Осыған байланысты ведомство шетелдік онлайн платформалар арқылы заңсыз импортталатын өнімдердің алдын алу мақсатында сегіз апталық науқан бастаған. Бұл шара Қытайдағы Бойдақтар күні (11 қараша) мен АҚШ-тағы «Қара жұма» (28 қараша) сияқты ірі халықаралық сату кезеңдерінің алдында қолға алынды.
Аустралияның Бәсекелестік және тұтынушылар комиссиясы да осындай ескерту жасап, Lafufu деп аталатын жалған ойыншықтардың сапасыз материалдардан жасалғанын, олардың ұсақ бөлшектері балалар арасында тұншығу қаупін тудыруы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл өнімдердің құрамында қорғасын мен басқа да улы заттардың болуы ықтимал екені айтылды.
«Көп жағдайда Lafufu немесе басқа да имитациялық Labubu қуыршақтарын сатып алуда абай болыңыздар. Мұндай өнімдерді жас балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет», — делінген аустралиялық ведомствоның ресми хабарламасында.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через