фото: pexels.com
Төлем қабілеті жоқ банктерге мемлекеттің көмегі қысқарады.
Қазақстанда банк саны артады. Оған "Банктер туралы" жаңа заң ықпал етеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатта банк секторындағы бәсекелестікті артыру нормалары қарастырылған. Бұл жайында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.
– Біз Ұлттық банкпен бірлесе "Банктер туралы" жаңа заңды әзірледік. Заңның ең негізгі мақсаты - банк секторындағы бәсекелестікті арттыру. Базалық және әмбебап лицензиялауды енгізудің нәтижесінде шағын және орташа банкттер секторға кіреді. Яғни, банк саны көбейеді. Бұл өз кезегінде бәсекенің артуына оң ықпал етіп, жеке және заңды тұлғаларға банктің өнімдері қолжетімді бола түседі деп ойлаймыз, – деді Олжас Қизатов.
Төлем қабілеті жоқ банктерге мемлекеттің көмегі қысқарады. Акционерлер шығындарын өздері өтеуі тиіс. Мемлекет тек жүйелі маңызы бар банктерге ғана көмектеседі. Бүгінде 4 банктің мемлекетке қарызы 1,3 трлн теңгені құрайды екен.
Жаңа заңға сай, Қазақстанда Ислам банкінің бөлімшелері көбейеді. Оны әмбебап банктер өз лицензиясы шеңберінде жүзеге асырады. Азаматтар исламдық қаржыландыру қағидалары бойынша несие ала алады.
Сондай-ақ, тұтынушылар құқығын қорғау күшейеді. "Банктер туралы" жаңа заң биылғы жылдың соңына дейін қабылданады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через