Интернет алаяқтары жиі қолданатын әдіс-тәсілдер

Интернет алаяқтары жиі қолданатын әдіс-тәсілдер
фото: pixabay.com

Телефонмен жасалатын алаяқтық цифрлық дәуірдің ең кең таралған және қауіпті мәселелерінің бірі. Өйткені, алаяқтарға сеніп, сан соғып қалып жатқан азаматтар қатары күннен күнге көбейіп барады. Қаскөйлер жаңа технологияларды (мысалы, дауысты клондау үшін AI) қолдану арқылы арамза ойын жүзеге асырып жатыр. 

 Алаяқтар жәбірленушіні жеке деректерді ашуға мәжбүрлеу үшін дамыған санды технологияны пайдаланады және жалған сенім тудырады. Сондықтан әрбір азамат алаяқтардың арбауына түспеуі үшін сақ болуы тиіс, деп ескертеді тәртіп сақшылары. 

Фото: pixabay.com.

Ішкі істер министрлігі телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерде қылмыскерлер жиі пайдаланатын әдістер мен сөз тіркестерін жариялады. Ведомство мәліметінше, әккіленгендер азаматтарды алдау үшін түрлі психологиялық қысым мен техникалық тәсілдерге жүгінеді. 

Мәселен, «Қаражатыңызды сақтау үшін оларды басқа шотқа аударыңыз», «Бұл қоңырау туралы ешкімге айтпаңыз» немесе «Сіз ұтып көлік ұтып алдыңыз, комиссиясын төлеп алып кетіңіз». Дәл осындай сөздер арқылы жалған қауіп төндіріп, адамды шұғыл әрекетке итермелейді. Сондай-ақ жәбірленушіні оқшаулап, жақындарыңызға тіс жармауға шақырады. 

Жауапты орган SMS-кодтарды, картаның CVV және PIN-кодын, сондай-ақ толық деректерін ешкімге хабарламауды ескертеді. Себебі бірде-бір полиция қызметкері, банк, тіпті байланыс операторы телефон арқылы ақша немесе код сұрамайды.