фото: https://pixabay.com/ru/
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады
Жамбыл облысында екі бала 5 жылдан бері қорлық көріп келе жатқанын айтып, елден көмек сұрады.
Желіде тараған видеода олар еркінен тыс қой бағып жүргендерін айтады. Балалардың үлкенінің сөзіне қарағанда олар анасымен және өгей әкесімен бірге тұрады.
"Бес жыл бойы қорлық көрдім. Туған әкеме барғым келеді, анам араша болғысы келеді, бірақ өзі де қорқады. Егер бізге көмектеспесеңыздер, екеуміздің біріміз өлеміз", – дейді ол.
Облыстық полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Полиция қызметкерлері оларды Тараз қаласындағы Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына жеткізді. Онда тергеу әрекеттері жүргізіліп, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі", - деп жазылған хабарламада.
Балалар медициналық мекемеде қажетті тексеруден өткізілді.
Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқиғаны мұқият тергеп-тексеру үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінен және Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, Талас ауданына жіберілді.
Полиция кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қойылатынын, барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын атап өтті.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через