фото: https://pixabay.com/ru/
Нәрестелер ЭКО арқылы емес, табиғи жолмен дүниеге келді
Шымкентте үшем дүниеге келді. Анасы мен нәрестелердің жанын аман алып қалған - қалалық перзентхананың дәрігерлері. Үшемнің анасы мен дәрігерлер Sputnik Қазақстан тілшісіне алған әсерлерімен бөлісті.
39 жастағы Фатима Якубованың 6 жастағы қызы бар. Сәбилі болсам деп жүрген ана жүкті болып, дәрігер есебіне тұрады.
"Бірінші тексеруде маған егіз деді, екіншісінде үшем деп айтты. Әрине үшемді өмірімде еш жоспарлаған да, ойлаған да емеспін. Күйеуім сондай мәз болды, ол кісі көпбалалы әке болсам деп армандайтын", - дейді үшемнің анасы Фатима Якубова.
Нәресетелер ЭКО арқылы емес, табиғи жолмен дүниеге келді. Екеуі - ұл, бірі - қыз. Үшемнің біреуі жатырда жатқанда әлсіз болғандықтан дәрігерлер ертерек босандырған.
"Сәбилерім салмақ қосты, әлсіз болып дүниеге келген балам да салмақ қосты. Омырау сүтімен бірге қосымша тамақ беріп жатырмын. Денсаулығымыз жақсы, дәрігерлерге алғысым шексіз", - дейді Фатима.
Нәрестелер өмірге 11 маусымда келіп, кеше үйлеріне аман-есен шыққан. Әйелді босандырған - перзентхана бас дәрігерінің орынбасары Перизат Әмірова. Дәрігер 20 жылдық тәжирбесінде төртінші рет үшем босандырған.
"Нәрестелер жүктіліктің 31-ші аптасында өмір есігін ашты. Сәбилердің туған кездегі салмағы 975 гр, 1765 гр және 1920 гр. Нәрестелер араға бірнеше минут салып дүниеге келді. 56 күн бойы жаңа туған нәрестелер мен 39 жастағы ананың денсаулығын қалалық перзентхана дәрігерлердің жіті бақылауында болып, тұрақты ем қабылдады”, - дейді Перизат Әмірова.
Нәрестелердің есімін ата-әжесі Расул, Мерием, Гамзат деп атаған. Қазіргі таңда сәбилердің салмағы 2050гр, 2950гр және 3400гр.
Ал төрт рет үшемді аман-есен босандырған дәрігер Перизат Әмірованың айтуынша, барлық үшемнің денсаулығы жақсы, аман-есен өсіп келеді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через