фото: https://www.istockphoto.com
Шұжықты жақсы көресіз бе? Бұл сұраққа көпшілік ойланбастан басын изеп, «ия» деп жауап беретіні сөзсіз. Ал енді ойланайықшы: сіз шұжықты дұрыс таңдай аласыз ба? Дәл осы сәтте көпшілік сәл кідіріп қалады… Ал мамандар үшін бұл қиындық туғызбайды. Себебі бар құпия – шұжықтың заттаңбасында. Егер сіз оны зейін қойып оқи білсеңіз, ең дәмді әрі ең табиғи өнімді таңдауға толық мүмкіндік бар.
Ендеше әуелі заттаңбаның сыртқы бейнесіне назар аударайық. Егер ол ұқыпсыз жасалған болса, жазулары қисайып, түсі солғын тартып, кейбір сөздері түсініксіз болып тұрса – бұл өнімнің сапасына күмән тудырады. Әсіресе шұжық секілді ерекше технологиялық өңдеуді қажет ететін тағамда заттаңбаның анық әрі толық болуы маңызды. Мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де дұрыс жазылған ақпарат өндірушінің адалдығын айғақтайды. Онда тағамның салмағы, бағасы, қапталған күні, сақтау мерзімі мен шарттары, штрих-коды және ең бастысы – құрамы көрсетілуі тиіс.
Ал енді шұжықтың құрамына көз жүгіртейік. Құрамдағы қоспалар әрқашан салмағының азаю ретімен жазылады. Демек, егер тізімнің басында жылқы еті, сиыр еті, шошқа еті, тауық еті немесе шпик көрсетілсе – бұл өнімнің негізгі дәмі мен хош иісін қалыптастыратын табиғи компоненттер деген сөз. Алайда кей жағдайда өндірушілер еттің бір бөлігін арзан алмастырғыштармен толықтыруы мүмкін. Мысалы, соя, өсімдік ақуызы, крахмал, каррагинан немесе түрлі камедилер суды жақсы байланыстырады да, еттің мөлшерін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, табиғи шұжық тек табиғи өнімдерден жасалуы тиіс: ет, су, жұмыртқа, тұз және аздаған дәмдеуіштер. Ал қалған қоспалардың барлығы – жасанды. Олар толтырғыштар, қоюландырғыштар, дәм күшейткіштер, бояғыштар сынды түрлі технологиялық қосындылар болуы мүмкін. Бірақ ұмытпаңыздар: сапалы еттен дайындалған шұжыққа ешқандай күшейткіш қажет емес. Оның нағыз дәмі – еттің өз дәмі.
Алматы қаласы Түрксіб ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мусаева Анель Берікбайқызы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через