Электромобильдер Қазақстанда тіркелген автокөліктердің 1 пайызына да жетпейді

Электромобильдер Қазақстанда тіркелген автокөліктердің 1 пайызына да жетпейді
фото: https://pixabay.com/ru/

Биыл тіркелген автокөліктердің 88%-ы бензинмен жүреді

Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 925,8 мың жеңіл автокөлік тіркелді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ға артық, деп жазды Energyprom.kz.

Оның 88%-ы бензинмен жүреді – 814,9 мың көлік. Ал 14,1 мың көлікке дизель қозғалтқыш орнатылған. Сондай-ақ 6,9 мың электромобиль тіркелді, бұл жалпы көлемнің 0,7% құрады.

Газ баллон отынымен жүретін жеңіл автокөліктер саны 32,1%-ға өсіп, 3,9 мыңға дейін жеткен.

Аралас отынмен (бензин, газ баллонды отын және электр энергиясы) жүретін тіркелген жеңіл автокөліктер саны 6,3%-ға, 75 мыңға дейін азайды.

"Нәтижесінде биыл есепке қойылғандарды қоса есептегенде, тіркелген электромобильдердің саны 78,7%-ға өсіп, 19,1 мыңға жетті", - деп жазылған хабарламада.

2025 жылдың бірінші тоқсанында тіркелген электромобильдердің саны бойынша Қытай көш бастады: жалпы көлемнің 57%-ы. Одан кейінгі орындарда Ұлыбритания, Швейцария және Норвегиямен қоса алғанда Еуроодақ елдері (22%), АҚШ (12%), Үндістан (1,7%), Оңтүстік Корея (1,2%) және Түркия (1,1%) тұр. Ал қалған елдер бірігіп тіркелген электромобильдердің 5 пайызын ғана құрады.

ҚазАқпарат