Джей Лоның концерті Ташкентке 3,3 млн доллар табыс әкелді . Ал бізге ше?

Джей Лоның концерті Ташкентке 3,3 млн доллар табыс әкелді . Ал бізге ше?
фото: kp.ru/time.kz

Шараны ұйымдастырған Мәдениет пен өнерді дамыту қорының бүгінгі мәліметі бойынша, 2025 жылдың 7 тамызында Ташкенттегі «Бунёдкор» стадионында өткен америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопестің концертінен Ташкент қаласына 42,5 миллиард сумдан (3,3 миллион доллар) астам салық түсімі түсті, деп хабарлайды gazeta.uz. 

Бұл Өзбекстан тарихындағы ААА санатындағы өнерпаздың қатысуымен өткен алғашқы концерт екені хабарланды. Концерт болатын күні стадионға қызмет көрсету қызметкерлерін қосқанда 31 144 адам келді. 25 мың билет сатылса, оның 67 пайызын шетелдіктер сатып алған.

Концертке барлығы 15 330 шетелдік турист келгені атап өтілді. Олардың 8 945-і ресейліктер, 2 495-і қазақстандықтар, қалғандары Еуропа мен АҚШ-тан келген туристер.

5-8 тамызда ташкенттік қонақүйлер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,7 пайызға көп болғаны хабарланды. 7 тамызда Чилонзор метро желісінде 16 500-ден астам жолаушыға қызмет көрсетілді. Шараны ұйымдастыруға 115 ұйым қатысты. Барлығы 18 фуд-корт пен сауда нүктелері жұмыс істеді.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 88 жол-патрульдік және арнайы техника, 8 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Шара өтетін аумақта 3800 тәртіп сақшысы мен 300 ерікті, сондай-ақ 500 қызметкер тазалықты қамтамасыз етті.

 «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен қанша экономикалық пайда түсетінін айтып берген еді.

− Бұл концертке 15 мыңнан астам шетелдік турист келеді деп болжап отырмыз. Қаланың экономикасына, HoReCa жүйесіне (қонақ үй, мейрамхана, кейтеринг) 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам тікелей салық түсімі күтіледі – деді ол.

Дженнифер Лопес 10 тамызда Алматыда үлкен концерт берді. Стадионға 27 мың көрермен жиналса, жүздеген мың адам желіде оқиға орнынан тікелей трансляциялар мен басылымдарды тамашалады. бірақ концерттен қанша түскені жайлы ресми ақпарат әлі жарияланбады, деп жазды  kaz.inform.kz .

Музыкалық кешке қазақстандықтардан бөлек АҚШ, Жапония, БАӘ, Канада, Оңтүстік Корея сынды 35-тен аса елден 7 мың көрермен қатысты. Джей Ло жанкүйерлерінің алдында 2 сағаттан астам уақыт өнер көрсетті. Америкалық жұлдыздың ән шашуы мен жалынды биі жиналған адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Джей Лоның концерті сияқты ірі мәдени іс-шара өткізу Қазақстанға тиімді. Қаржы министрі Мәди Тәкиев шетелдік әртістің елдегі концерттік турына қатысты осындай пікірін білдірді, деп хабарлайды 24kz. Оның айтуынша, Астанадағы концертке бес мың, ал Алматыға, 7 мыңдай шетелдік турист келген. Бұл экономикаға мультипликативті әсерін тигізбей қоймайды. Яғни, шетелдік меймандар қонақүйлерге тоқтап, сервистік қызметтерді пайдаланады, кәдесыйлар сатып алады. Сөйтіп, біраз қаржыны елімізге қалдырып кетеді. 

Екі концерттен бюджетке қанша табыс түскені әзір белгісіз. Қаржы министрі декларация тапсырылған кезде белгілі болатынын айтады. 

Бұған дейін Джей Ло концертін ұйымдастырушы 400 млн теңге көлемінде салық түседі деген еді. Бірақ нақтысы, келесі көктемде белгілі болады. Дегенмен Алматы әкімдігі алдын ала есебін ұсынды.

– Ұйымдастырушылардың алдын ала жасаған есебі бойынша бұл іс-шарадан бюджетке түсетін салық көлемі 600 млн теңге шамасында болмақ, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Қала әкімдігі мәліметінше, іс-шараның қала экономикасына тигізген әсері ауқымды. Шетелдік туристер Алматыда орта есеппен үш жарым күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 долларды қонақүй, тамақ, көлік, экскурсия және саудаға жұмсаған. Концерт күні тек шетелдік қонақтар қалаға шамамен 5 млрд теңгеден астам табыс әкелген.

– Концерт өткен күні стадион аумағындағы фуд-корт 15 миллион теңге табыс тапқан. Туризм басқармасының болжамына сәйкес, көрермендердің шығыны мен жанама кірістерді қоса есептегенде, концерттен қалаға түскен табыс айналымы 10 млрд теңгеден асады. Мұндай мәдени іс-шаралар қала қазынасына қомақты кіріс әкеліп қана қоймай, Алматының туристік тартымдылығын арттырып, оны әлемдік гастроль картасындағы маңызды орталық ретінде нығайтады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.