фото: https://www.istockp
Алматы облысының Шеңгелді алабындағы шаруашылықтар биыл картоп пен пияздан мол өнім жинап жатыр.
Әр гектардан 25 тонна картап алса, пияздың өнімділігі 80 – 85 тоннаға дейін жетті. Оған жергілікті диқандардың су үнемдеу технологиясын енгізуі оң ықпал еткен.
Шеңгелдідегі мына шаруашылық 15 жылдан бері картоп өсірумен айналысады. Жыл сайын 100 - 170 гектар жерге картоп егеді. Элиталық тұқымды Германия мен Голландиядан алдырады. Биыл 100 гектар жерге тамшылатып суару технологиясын енгізген. Нәтижесінде әр гектарға шаққандағы өнімділік көлемі 25 тоннаға жетті. Жиналған өнімді Алматыдағы базарлар мен ірі сауда орындарына өткізеді.
Шаруашылық картоп егіп, жинауға және оны сұрыптауға арналған жаңа техника сатып алған. Жұмсалған қаржының 30 пайызы үкімет тарапынан субсидияланды. Мұнда негізінен «Артемис» және «Доната» тұқымдары егіледі. Ал Шеңгелді алабындағы пияз өсірумен айналысатын шаруашылықтар тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын қатар енгізген. Олар биыл әр гектардан 80 - 85 тоннадан өнім алды.
Шеңгелдіде бұрын 2 мың гектар жерге пияз егілетін. Ал биыл игерілген алқаптың көлемі 450 гектар. Себебі жергілікті шаруалар екі жыл бұрын 11 мың тонна пиязды қоймада шірітіп алып, шығынға батқан еді. Содан кейін жүгері, жоңышқа сияқты мал азығы дақылдарын өсіруге бет бұрды. Шеңгелді алабында қазір бұрынғы суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда жалпы аумағы 16 мың гектар суармалы алқап болса, былтыр 8 мың, ал биыл 12 мың гектар жер игерілді. Соның 2 мың гектарында су үнемдеу технологиялары қолданылды.
https://24.kz/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через