Жасанды интеллект жұмысқа қабылдайды

Жасанды интеллект жұмысқа қабылдайды
фото: pixabay.com

Еңбек нарығында жасанды интеллектіні бірқатар ел тиімді қолдануға көшіп жатыр. Еуропалық компаниялардың жартысынан көбі қызметкерлерді жылдам әрі тиімді іріктеуде технологияның көмегіне жүгінеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Енді бұл жүйе қаншалықты тиімді? 

Тәжірибе барысынды қалай жүзеге асады?  

Әлемде жұмыс беруші компаниялардың 90%-ы үміткерлердің түйіндемесін жасанды интеллектке негізделген жүйелер арқылы талдайды. Бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі. Алпауыт компанияларға қызметке орналасуды көздеп жүргендерден миллиондаған өтінім түседі. Мәселен, былтыр танымал Google компаниясына 3 млн, McKinsey консалтингтік компаниясына 1 млн-нан астам, ал Goldman Sachs банкіне 300 мыңдай адам өтінім қалдырған. 

Сарапшылар мұндай көлемдегі өтініштерді менеджерлер қолмен өңдей алмайтынын айтады. Өйткені үміткерлер өз біліктілігі туралы ақпаратты әсірелеп көрсетуі мүмкін. Бұл ретте мамандар, кей қызметкерлердің қабілеті тек қағазбен шектелетін жағдайлар кездесетін алға тартады. Сондай-ақ расымен білгір кадрларды іріктеуде технологияға жүгінген абзал, - дейді.  

Марк Уоткинс, Миссисипи университетінің оқытушысы: - Көпшілік ChatGPT сияқты құралдарды пайдаланып, түйіндемесін мінсіз етіп дайындап әкеледі. Жастарға еңбек нарығына шығу қиынырақ, себебі қажетті дағдыларды меңгеруге уақыт керек. Сосын олар көбіне өз қабілетіне емес, жасанды интеллектке жиі жүгінеді. Бұл дұрыс емес. Сондықтан жұмыс берушілер жалған үміткерлерді анықтау үшін арнайы жасанды интеллект жүйелерін пайдаланады. 

Фото pixabay.com.

Сарапшылар: жасанды интеллект қателеседі 

Ақылды зерде тек түйіндеме талдап қана қоймайды. Қазір тікелей қызметкермен сөйлесе алатын жүйелер де бар. Оны micro1 компаниясы әзірледі. Жүйе біліктілік бойынша сұрақтар қойып, үміткердің қабілетін бағалап, анкетадағы мәліметтерге сәйкестігі туралы шешім қабылдайтын цифрлық алгоритмге негізделген. 

Америкалық сарапшылар жасанды интеллект арқылы кадр бөлімінің жұмысын 30%-ға дейін жеңілдетуге болатынын айтады. Дегенмен мұның кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы Amazon компаниясы жасанды интеллект құралдарынан бас тартты. Себебі цифрлық кадр менеджері «әйел» сөзі кездесетін түйіндемелерді автоматты түрде қабылдамаған. Тіпті біліктілігі төмен үміткерлерді жұмысқа қабылдауға ұсыныс берген. Нәтижесінде компания жобаны тоқтатуға мәжбүр болды. 

Марк Уоткинс, Миссисипи университетінің оқытушысы: - Алгоритмдерді пайдалану арқылы үміткерден нақты не қалайтыныңызды түсінуге болады. Бірақ бұл кейде іштей кемсітушілікке әкеліп, кейбір үміткерлерге өтініштерін қабылдамауға себеп болуы мүмкін. Яғни, кейбір үміткерлерге алгоритмнің сөздеріне немесе шешіміне байланысты бас тарту ықтималдығы бар. Жасанды интеллектке толық сену қауіпті болуы мүмкін.

 IТ мамандарға сұраныс төмендеді 

Технологиялар дәуірінде IT мамандарға сұраныс төмендеп барады. Indeed платформасының дерегі бойынша, 2025 жылдың ақпанында АҚШ-та бағдарлама жасаушыларға арналған бос жұмыс орны 2020 жылмен салыстырғанда 35% азайған. Сарапшылар мұны автоматтандырумен байланыстырады. 

Мәселен, Microsoft пен Google сияқты компанияларда жасанды интеллект жүйелер тікелей мамандар жазатын кодтың үштен бірін жазады. Salesforce IT компаниясы да технологияның көмегімен өнімділік артқан соң арнайы мамандарды жалдауды тоқтатты. 

Фото pixabay.com.

Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек биыл IT нарығы жаңа кезеңге өтіп отыр. 

Компанияларға енді дипломы бар қызметкерлерден гөрі, Жасанды интеллект тілін жетік меңгерген, күрделі тапсырмалардың қисынын таба білетін мамандар тартымды болмақ. Яғни, қазір қоғамда бәсекеге қабілетті болу үшін кәсіби мамандардың өзіне жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, жасанды интеллект құралдарын игеруге сарапшылар кеңес береді.