Тергеушілерге жасанды интеллект көмектеседі

Тергеушілерге жасанды интеллект көмектеседі
фото: Қазақстан ІІМ

Жаңа жоба ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновке көрсетілді

Қазақстандық тергеушілердің жұмысына жасанды интеллект көмекке келетін болды. Қосшыдағы полиция бөлімінде "Тергеушінің көмекшісі" пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.

Ішкі істер органдарының күнделікті қызметіне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Жобаның мақсаты – тергеушілердің күнделікті жұмысы автоматтандырылып, тергеу жұмысы тиімді әрі жылдам жүреді.

Жаңа жоба Қосшы қаласының полиция бөлімінде ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновке көрсетілді.

Жасанды интеллект, яғни "Тергеушінің көмекшісі" бірнеше модульден тұрады:

сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын автоматты түрде өңдеу;

қылмыстық құқық бұзушылықтың біліктілігін анықтау;

қылмыстық іс қатысушылары арасындағы өзара байланысты визуалды түрде көрсету;

тергеу жоспарының жобасын әзірлеу.

Жасанды интеллектінің арқасында тергеу кезінде алынған көрсеткіштер автоматты түрде тіркеліп, куәгерлердің жауаптарын салыстыруға және сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында іс жүргізу құжаттары автоматты түрде жасалып, деректерді талдау және болжау мүмкіндіктері қарастырылған.

Жобаның тағы бір жаңалығы – жауап алу кезінде жазылған аудио және бейнематериалдарды мәтін түріне ауыстыру функциясы.

Әзірлеушілердің айтуынша, бұл жүйе дербес деректерді қорғап, бар құжатты құпия сақтайды.

ҚазАқпарат