Шымкентте 50 мемлекеттік қызметші құмар ойынға ақша салған

Шымкентте 50 мемлекеттік  қызметші  құмар  ойынға  ақша  салған
фото: https://pixabay.com/ru/

Шымкент қаласында қыруар қаржыны құмар ойынға салған 50 мемлекеттік қызметші жұмыстан қуылуы мүмкін. Қалалық прокуратура жергілікті атқарушы органдарды тексеріп, 400 млн теңгеден астам қаражатты құмар ойынға салған шенеуніктерді анықтады. Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге кез келген құмар ойынға қатысуға тыйым салынған.

Прокуратураның басқарма бастығының орынбасары Бекжан Құлатаевтың айтуынша, Olimpbet онлайн платформасы арқылы жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін 161 адам бәс тіккен. Олардың ішінде 50 адам заң күшіне енгеннен кейін құмар ойындарға қатысқан. Олардың бәске қойған жалпы қаржысы 443 миллион теңгеден асты.

"Жаңа нормаларға сәйкес, интернет арқылы құмар ойындарға қатысу еңбек шартын бұзуға негіз бола алады", - дейді Құлатаев.

Қазіргі кезде прокуратура тиісті акт шығарды. Ал шенеуніктердің әрекетін тәртіптік комиссия қарап жатыр.

Айта кетері, 2024 жылдың басынан бері Шымкентте бәс тіккен 161 мемлекеттік қызметшінің жалпы шығыны 757 миллион теңгені құрады.

ҚазАқпарат