Оңтүстік Кореяда бес күн бойы жауған нөсер жаңбыр салдарынан 14 адам қаза тауып, тағы 12 адам із-түзсіз жоғалған, деп жазады Синьхуа.
Бұл туралы жексенбі күні елдің Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі хабарлады, деп жазды kaz.inform.kz.
Министрліктің мәліметінше, жексенбі күні жергілікті уақытпен сағат 11:00-дегі жағдай бойынша 14 адамның қаза тапқаны расталып, 12 адам жоғалғандар қатарында саналып отыр.
Сәрсенбіде басталған толассыз жауын-шашын салдарынан ел бойынша 13 209 адам үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Оның ішінде 3 836 адам уақытша эвакуациялық бекеттерде орналастырылған.
Сондай-ақ 1 920 мемлекеттік және 2 234 жеке нысанға зақым келгені тіркелді. Олардың қатарында су астында қалған жолдар, көшкіндер, өзен құрылымдарының құлауы, су басқан ғимараттар мен егістік алқаптар бар.