Алматыда үшінші теміржол вокзалының жобасы жайында

Алматыда үшінші теміржол вокзалының жобасы жайында
фото: https://www.google.com/url Fratel.kz

"Алматы-3" вокзалының техникалық-экономикалық негіздемесі

Алматы қалалық мобильділік басқармасындағылар қазіргі уақытта "Алматы-3" вокзалын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленіп жатқанын хабарлады. Вокзал қаланың батыс бөлігінде, Алатау ауданының Мәдениет шағынауданының оңтүстігінде орналасқан Боралдай – Ақсеңгір теміржол аралығында салынбақ.

Жоба жолаушы және жүк тасымалына арналған станция құрылыстарын қамтиды.

Әкімдік мәліметінше, жұмыстар екі кезеңде жүргізіледі:

  • Индустриялық аймақтың жүк паркi мен "Алматы-3" жолаушылар станциясы, қосу жолымен бірге;
  • Вокзал инфрақұрылымы.

"Қазіргі Алматы-2 вокзалы, әсіресе қарбалас уақытта, үлкен жүктемені сезеді. Осыған байланысты жаңа вокзал жолаушылар ағынын қайта бөлуде көмектесіп, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтады", – дейді Алматы әкімдігінің Қалалық мобильділік басқармасы өкілдері.

Құрылыстың болжамды алаңы – 4 954 шаршы метр. Қазір вокзал ғимаратының визуализациясы жасалып жатыр.

"Болжамды жалпы алаңы – 163 415 шаршы метр, болжамды құрылыс көлемі – 99 859 шаршы метр. Вокзал ғимаратының жобалық сыйымдылығы – 2 000 адам. Нақты көрсеткіштер техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін белгілі болады", – деп мәлімдеді Алматы әкімдігіндегілер.

"Алматы-3" теміржол вокзалы неге қажет?

Әкімдіктегілердің айтуынша, қаланың батыс бөлігінде вокзал салу теміржол көлігіне қолжетімділікті арттырады.

"Бұл жеке автокөлікті пайдаланатын жолаушылардың бір бөлігін қоғамдық көлікке ауыстыруға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде жолдағы кептелістердің азаюына әкеледі. "Алматы-3" вокзалы – қаланың көлік жүйесін кешенді дамыту шеңберінде тиімді әрі ыңғайлы көлік желісін қамтамасыз ететін көлік хабы ретінде жоспарланған", – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

https://kaz.tengrinews.kz/tengritravel/