Алматыда Орталық музейге кіру құны өзгерді

Алматыда Орталық музейге кіру құны өзгерді
фото: pixabay.com

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 25 шілдеден бастап жаңа баға қолданысқа енгізіледі, деп хабарлады Kazinform.

Музей әкімшілігі экономикалық жағдайдың өзгеруіне және мекеменің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы баға прейскуранты өзгеретінін хабарлады.

– Қала музейлеріндегі кіру билеттері мен ақылы қызметтердің құнын талдау жүргізгенде біздің қазіргі бағаларымыз нарықтық орташа деңгейден төмен екенін көрсетті. Бүгінгі таңда ҚР Мемлекеттік орталық музей қызметтері нарықтық орташа бағадан 40-50% төмен бағамен ұсынылады. Мысалы, Алматы қаласындағы және өңірлік музейлердегі ересектерге арналған кіру билеттерінің құны – 1 000 теңге. Алайда бұл музейлердегі экспозициялық кеңістік пен көрмеге қойылған экспонаттар саны Орталық музеймен салыстырғанда бірнеше есе аз, - деп хабарлады музейден. 

Бұған дейін Орталық музейге кіру құны (1, 2, 3, 4 экспозициялық залдар) Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 500 теңге болатын болса, енді билет бағасы – 1 500 теңге. Экспозициялық залдарға қоса «Ашық қор» (Алтын залы) және «Антропология» залдарын аралау – 2 000 теңге болады. Студенттер мен зейнеткерлер үшін негізгі экспозициялық залдар 700 теңге, барлық залды аралау – 1 500 теңге. 

Шетелдік азаматтарға музейге кіру құны – 2 000 теңге, экскурсиялық қызметпен бірге – 10 000 теңге. Жаңа бағалар 2025 жылғы 25 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.