
фото: ОҚО әкімшлігі
Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды
Түркістан облысы Жетісай ауданындағы диқандар биылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр. Бұл шаруаларға суды дер кезінде жеткізіп берудің арқасында мүмкін болды, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
"Биылғы алғашқы қарбызымызды жөнелтуге дайынбыз. Су жақсы берілгендіктен қарбызымыз суды көп сіңіріп, жақсы өсті", - деді Түркістан облысы Жетісай ауданы Тың ауылының диқаны Қуанбай Бексұлтан.
Жалпы аймақтағы диқандар биыл судан таршылық болмағанын айтады.
Министрлік хабарлауынша, суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі "Қазсушар" филиалдары диқандарға 2,5 млрд текше метрден астам су берді. Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды.
Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 млн текше метр су жіберілді. Оның 97,5 млн текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды.
Ауа райының қолайлы болып, суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның алғашқы өнімін жинады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через