
фото: https://pixabay.com/ru/
Жасанды интеллектінің жетілу индексі бойынша 51-орынға ие болып отыр
Әлемдегі ірі онлайн білім беру платформасы Coursera-ның 2025 жылға арналған жаһандық дағдылар жөніндегі есебі жарияланды. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Бұл 109 елден 170 миллионнан астам пайдаланушының деректеріне негізделген цифрлық және кәсіби дағдылар бойынша жыл сайынғы ғаламдық шолу.
Қазақстан жаһандық дағдылар рейтингінде 37-орынға және жасанды интеллектінің жетілу индексі (AI Maturity Index) бойынша 51-орынға ие болып, кадрлар даярлау саласында бәсекеге қабілетті елдер қатарындағы орнының тұрақтылығын растады.
Елде ең сұранысқа ие бағыттарға қызығушылықтың айтарлықтай артқаны байқалады:
генеративті жасанды интеллект курстарына тіркелу 383 пайызға;
киберқауіпсіздік курстарына қызығушылық 80 пайызға;
сыни ойлау курстарына қызығушылық 43 пайызға;
кәсіби сертификаттарды алу 50 пайызға артқан.
"Қазақстан цифрлық инклюзия деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Білім алушылардың 56 пайызын әйелдер құрайды, ал 62 пайызы оқуды мобильді құрылғылар арқылы алып жатыр. Бұл оқытудың тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді екенін көрсетеді", - делінген хабарламада.
Coursera жобасына 2023 жылы еліміздің 25 жоғары оқу орны, 2024 жылы 93 жоғары оқу орны қатысса, 2025 жылы 95 жоғары оқу орны қатысты.
Айта кетейік, есепте білім алушылардың мінез-құлық деректері мен макроэкономикалық көрсеткіштерді біріктіретін жаңа 3.0 әдістемесі қолданылған. Бұл көрсеткіштерге адами капитал индексі, еңбек нарығына қатысу деңгейі, жан басына шаққандағы ЖІӨ және жаһандық инновациялық индексі жатады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через