Kazakh Tourism Қатонқарағайға келетін туристер санын шектеуді ұсынды

Kazakh Tourism Қатонқарағайға келетін туристер санын шектеуді ұсынды
фото: Ел.кz

Бұл инфрақұрылымды жүктемеуге және лимит есебінен туристер ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді

Kazakh Tourism Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында туризмді тұрақты дамыту жоспарын әзірлеп жатыр, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Жоспарда жаппай туризмнен экологиялық жауапты тәсілге көшуге басты назар аудару ұсынылады. Бұл дестинацияның табиғи бірегейлігін сақтауға, туристік ағымды бақылауға және сапалы туристік өнімді қалыптастыруға жол ашады, дейді компаниядағылар.

"Ұсынылған модель Катонқарағай ауданында экологиялық саналы және шектеулі туризмді дамытуды көздейді. Бұл туристер санын шектеуді, эксклюзивті туристік өнімдерді әзірлеуді, бұл жерге келудің орташа ұзақтығын 3 күннен екі аптаға дейін арттыруды қамтиды. Қосымша шара ретінде экологиялық алым енгізу қарастырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Одан түскен қаражат табиғатты қорғауға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Келешекте Катонқарағайды "Green destination" халықаралық сертификаты бар экодестинация ретінде қарастыруға болады.

"Катонқарағайдағы туризм жаппай болмауы керек. Ол барынша экологиялық болып, табиғатқа ұқыпты қарайтын саналы саяхатшыларға бағытталуы тиіс. Қазір онда жыл сайын 200-300 мың туристті қабылдай алатын инфрақұрылым жоқ және мұны түсіну маңызды", - дейді "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.

Оның пікірінше, туристік ағынды шектеу және олардың бұл жерде болу ұзақтығын ұлғайту әлеуметтік-экономикалық және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл инфрақұрылымды жүктемеуге және лимит есебінен туристер ағынын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Компания хабарлауынша, Бутан корольдігінде туристер ағынын реттеу жүйесі бар және әрбір келуші туристік жолдаманы елге кірген кезде төлейді. Бұл табиғатқа түсетін жүктемені бақылауды және экожүйелерді сақтауға қаражат бөлуді қамтамасыз етеді.

ҚазАқпарат