Емшара бөлмесінде 2 адам көз жұмды

Емшара бөлмесінде 2 адам көз жұмды
фото: https://pixabay.com/ru/

Жамбыл облысында 51 медкабинет жұмысын тоқтатты

Жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 14 емшара кабинетіне жалпы сомасы 2,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды

Жеке емшара кабинеттерінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау күшейеді, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

Еске салайық, биыл Жамбыл облысында медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзған медициналық ұйымдарда екі адам қайтыс болған.

"Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы мекемелерді тексеріп, елеулі заң бұзушылықтардың барын анықтады. Оның ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін лицензиялар мен шарттар жоқ және дәрі-дәрмектерді сақтау қағидаларын сақталмаған", - дейді министрліктегілер.

Өңірде қоғамдық мониторингтік топтар құрылды. Жүргізілген тексерулерден кейін олар медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзатын 133 емшара кабинетін анықтады.

"Жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 14 емшара кабинетіне жалпы сомасы 2,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, 51 кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты, 68 мекемеде тексерулер жалғасуда", — деп хабарлады Жамбыл облысы бойынша департаменттегілер.

Осыған ұқсас жұмыс Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.

ҚазАқпарат