
фото: pixabay.com
Елімізде 46 градусқа дейін аптап ыстық болады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдағы үш күнде ауа температурасы рекордтық деңгейге жетуі ықтимал.
Қазгидромет мамандарының болжамына сәйкес, Қызылордада 46, Түркістан өңірінде 44, Жамбыл облысында 35-40, Алматы облысында 36, Ұлытауда 38, Ақтөбеде 41, Маңғыстау облысында термометр бағамы 38 градусқа дейін көтеріледі.
Ал Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында жауын жауады деп болжанып отыр.
Назира Молдабекқызы, терапевт-дәрігер:
Қан қысымы жоғары адамдарға, жүкті әйелдерге және де кішкентай балаларға күндізгі сағат 11 мен кешкі 5-тің арасында шұғыл жұмыстары болмаса, далаға шықпаған жөн. Аптап ыстық кезінде өте қатты маңызды бұл - судың балансын сақтау. Адам өз салмағына байланысты әр салмаққа 30 мл су ішуі керек. Мысалы, сіздің салмағыңыз 50 келі болса 1,5 литр тек су ішуі керек. Содан кейін қан қысымы жоғары кісілер көшеге шыққан кезде міндетті түрде алғашқы көмек көрсететін дәрілерді салып алғаны дұрыс. Далаға шығатын болса, қан қысымын реттеп, содан кейін шығуға болады.
Қатты ыстықты әсіресе жүрек, қан тамыр жүйесі әлсіз адамдар көтере алмайды. Дәрігерлер қан қысымы жоғарылап, бас ауру, жүрек тұсының шаншуы, құсу, жүрек айну және жүрек қағысының жоғарлауы, тіпті инфаркт, инсульт жағдайлары да тіркелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан жеңіл, ашық түсті киім киіп, көп су ішуге кеңес береді.
Раушан Құлжабаева, жоғарғы санатты дәрігер:
Аптап ыстық болған кезде кішкентай балаларды қорғау керек. Себебі ерте жастағы балалардың үлкен еңбегі жабылмағандықтан, оған күн қатты өтудің әсерінен балада құсу, бас айналу тіпті талу жағдайлары да кездесуі мүмкін. Егде жастағы адамдарды осы топқа кіргізуге болады. Денсаулық жағынан, әсіресе, жүрек-қан тамыр жүйесі жағынан қандайда бір ауруы бар, орталық жүйке жүйесінің аурулары бар адамдар міндетті түрде қорғанғаны жөн.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через