Жерасты бункерлерінде мейрамханалар ашылған

Жерасты бункерлерінде мейрамханалар ашылған
фото: сурет видеокадрден алынды

Қытайдың ірі қалаларында жер жетпей жатыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24 kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кәсіпкерлер базар, мейрамхана мен ойын-сауық орталықтарын жер астынан ашуға мәжбүр. Бос орын табылмаған соң Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған нысандар пайдаланыла бастады.

 Бұл мәселе әсіресе Чунцин қаласында өткір тұр. Чунцинде бомбадан қорғану орындары ерекше көп. Бұл қала Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қытайдың астанасы болған. Аумалы-төкпелі кезеңде билік қауіпсіздік мақсатында ел орталығын осы тау ішіндегі қалаға уақытша көшірген көрінеді. Ал халқы мен маңызды құжаттамаларды сақтап қалу үшін жер астына жасырынған. Қазір сол қаңырап бос тұрған бункерлерді коммерциялық мақсатта пайдалана бастады. 

Сурет видеокадрден алынды.

Негізі бұл жерді қытайлар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бомбалардан қорғану үшін салған. Қазір жергілікті билік дәл осы жерлерді сауда-саттық, ойын-сауық алаңдарына айналдырып жатыр. Өйткені қаланың ішінде жер жоқ. Ал халық саны жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан бос орындарды осындай тиімді жолмен пайдаланып отыр. Осы уақытқа дейін бұл соғыс жәдігері ретінде сақталып келген. Енді жер тапшылығынан игеруге рұқсат беріліп, туристік нысанға айналдырып жатыр. Бір кездері бас сауғалап, жан сақтайтын жер креативті идеяның арқасында әлем саяхатшыларының қызығушылығын тудырып отыр. 

Го Син, саяхатшы: - Чунцинге бірінші рет келдім. Осы мейрамханалар туралы әлеуметтік желіден көріп, арнайы саяхатқа шыққан едік. Ерекше сезімде отырмын. Мұнда тек тамақтанып, көңіл көтеруден бөлек еліміздің тарихымен танысуға болады. 

Син Ху, саяхатшы: - Мен осы қаланың тұрғынымын. Бала күнімізде осы жерде ойнайтынбыз. Қазір ерекше дәмді тағам дайындайтын орынға айналғаны қуантады. Мұндайды кез келген жерден көре бермейсің. Бізге ұнады. 

Қытайлар мұны өткен мен бүгінгі күнді байланыстыратын жоба санайды. Кейінгі кездері «Жер астындағы қала» деп те атап жүр. Қазір асхана, кофе және шайхана сияқты 120-дан астам кәсіп түрі ашылған. Кейбірі шарап сақтайтын қойма ретінде де пайдаланып отыр. Ал қызметті мұнда да роботтар көрсетеді. 

Лей По, даяшы: - Бізде 6 робот қызмет көрсетеді. Мынадай ұзын мейрамханада таптырмайтын көмекші. Күніне мыңдаған тапсырыс түседі. Негізінен тағамдарды асханадан меймандардың үстеліне дейін жеткізіп береді. Өте ыңғайлы. 

Қазір бұл жер – бүтін бір елдің туризм бренді. Осының арқасында экономикалық тиімділігі артты. Жылына 8 миллион саяхатшы келіп көреді. 5 мыңға тарта жаңа жұмыс оры ашылды. Ал жылына түсетін табыс 1 миллиард теңгеге жеткен.

 Хы Лин, мейрамхана менеджері: - Бізде жыл бойы саяхатшылар үзілмейді. Қыста асты жылы, жазда салқын болады. Энергия үнемдеуге де қолайлы. Оның үстіне ерекше атмосфера береді. Қазір кеңейту жағын қарастырып жатырмыз. 

Аумағы 1 миллион шаршы метрден асатын, жалпы саны 16 мың бомбадан қорғану орны күні бүгінге дейін сақталған. Қазір оның 20 мың шаршы метрі ғана игеріліп отыр. Енді тарихи-мәдени нысандар ашу жағы қарастырылып жатыр.