
фото: Сапалы Қазақстан
GS1 Бас Ассамблеясы 2025 ж. 19-23 мамыр | Мумбай, Үндістан
Жарқын болашақ үшін көпірлер орнату
GS1 India ұйымдастырған GS1 2025 Бас ассамблеясының кезекті басқосуы GS1-дің болашағын анықтау үшін GS1 басқарма мүшелерін және GS1-ге мүше ұйымдардың басшыларын Үндістанның Мумбай шаһарына жинады.

Фото: Фейсбук/GS1India.
Маңызды жиында стратегиялық шешімдер қабылданады және жаһандық көрсеткіштерге бағалау жүргізіледі, бұл ретте талқылау орталығында «2030 пайымы» болады. Бұл халықаралық басқосудың Қазақстандағы өндіріс орындарын дамытуға, өнім сапасын арттыруға қосатын үлесі мол.
«Жарқын болашақ үшін көпірлер орнату» тақырыбына арналған іс-шара аясында сандық технологиялар мен жасанды интеллект саласында еңбек етіп жүрген танымал сарапшылар сөз сөйлейді. Бұдан бөлек дизайн-ойлау бойынша сессия ұйымдастырылады, қорытынды пленарлық отырыс және мүше ұйымдардың басшыларына арналған қосымша семинар өтеді.

Фото: Сапалы Қазақстан
Бас ассамблеясы кезекті басқосуына шақырылған меймандар жетекшілер деңгейіндегі нетворкингке қатысады және тиімді ынтымақтастықтың озық тәжірибесімен бөліседі.
Бұл жиынға Қазақстаннан Халықаралық сапа академиясының академигі (IAQ, USA), менеджмент жүйелері жөніндегі халықаралық аудитор (AFNOR, France), Еуропалық сапа менеджменті қорының (EFQM) ассессоры, Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі жанындағы халықаралық қазылар алқасының мүшесі (БАӘ), Азия сапа желісінің (ANQ) басқармасының құрметті директоры Азат Әбдірахманұлы қатысып жатыр. Оның қатысуы Қазақстанның осындай жоғары деңгейде өкілдік етуінің маңыздылығын көрсетеді. Себебі Азат Әбдірахманұлы көп жылдық тәжірибесімен және менеджмент жүйесін дамытуға қосқан үлесімен танымал.

Фото: Фейсбук/GS1India.
GS1 мүше ұйымдардың бас директорлары мен төрағалары үшін эксклюзивті семинар қарастырылған. Белгілі сарапшылар, профессор Рохит Прасад пен Дипак Шарманың жетекшілігімен қатысушылар тез өзгеретін жаһандық ландшафтты танып-білудің бірегей мүмкіндігіне ие болады. Сессия бүгінгі бизнес көшбасшыларына тікелей әсер ететін алты маңызды бағытқа - геосаясат, экономика, технология, саясат, қоғам және экологияға бағытталған.
Қосымша ақпарат: GS1 Бас Ассамблеясы ұйымның болашағы үшін негізгі шешімдер қабылданатын алаң болып табылады.
GS1 - бүкіл әлем бойынша өнім туралы деректермен қауіпсіз және ашық алмасуды қамтамасыз ететін тауар бірліктерін сәйкестендіру және сипаттау стандарттарын жасайтын және енгізетін халықаралық коммерциялық емес ұйым.
Қызметтің негізгі бағыттары: есепке алуды стандарттау және тауар бірліктерін штрих кодтау.
Қауымдастықтың штаб-пәтері Брюссельде (Бельгия) және Принстонда (АҚШ) орналасқан, ал оның ресми өкілдіктері 130 елде жұмыс істейді.

Фото: Фейсбук/GS1India.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через