Вьетнамдық компания Қазақстанда әуежай сатып алады

Вьетнамдық компания Қазақстанда әуежай сатып алады
фото: Абай облысының әкімшілігі

Бұған дейін вьетнамдық компания "Qazaq Air"-ды сатып алған болатын

Вьетнамдық SOVICO Group компаниясы Қазақстанда әуежай сатып алуға мүдделі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Бұған дейін вьетнамдық компания "Qazaq Air"-ды сатып алған болатын. Жақында компания басшысы Қазақстанға да келіп кетті.

"Мен онымен кездестім. Олар әуежайды сатып алуды қарастырып жатыр, басқаруға аламыз дейді. Себебі әуе компаниясы үшін базалық әуежай керек", - деді Жұманғарин журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде нақты қай әуежай басқаруға берілетіні белгісіз. SOVICO Group-та үлкен халықаралық келісімшарттар бар. Компания қарқынды дамып жатыр.

"Олар әуе компаниясын кеңейтуге мүдделі. Сондықтан жақын арада Қазақстанда тағы бір ірі компания болады", - деді вице-премьер.

ҚазАқпарат