Ұйқы тапшылығы күйзелісті күшейтеді

Ұйқы тапшылығы күйзелісті күшейтеді
фото: https://pixabay.com

Ересек адамдар күн сайын 7-9 сағат ұйықтауы қаже

Ұйқы — денсаулық пен өмір сапасының маңызды белгісі. Ғалымдардың айтуынша, ересек адамдарға күн сайын 7-9 сағат ұйқы қажет. Алайда егер ылғи ұйқыңыз қанбай жүретін болса, онда бұл ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Иммундық жүйенің әлсіреуі

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) мәліметінше, ұйқы кезінде ағза сыртқы зиянды әсерлерден қорғану үшін ерекше белсенділік танытады. Иммундық жүйе ұйқы барысында цитокиндер деп аталатын қорғаныс заттарын өндіреді. Бұл заттар бактериялар мен вирустармен күресуге көмектеседі. Ұйқы тапшылығы бұл процесті бұзып, ағзаның қорғаныс қабілетін әлсіретеді. Зерттеулер көрсеткендей, тәулігіне 6 сағаттан аз ұйықтау вакциналарға ағзаның реакциясын төмендетуі мүмкін.

Тынышсыздық пен мазасыздық

Мамандардың айтуынша, ұйқы мен мазасыздық бір-бірімен тығыз байланысты. Ұйқы тапшылығы күйзелісті күшейтеді, ал күйзеліс өз кезегінде ұйқыны бұзады. Осылайша, бұл мәселе тұйық циклге айналып, психикалық жағдайды нашарлатады.

Гормоналды тепе-теңдіктің бұзылуы

Ұйқының жеткіліксіздігі әйелдердің репродуктивтік жүйесіне де әсер етуі мүмкін. Ғалымдардың зерттеулері ұйқы тапшылығы қалқанша без гормондарының деңгейіне әсер етіп, етеккір циклінің бұзылуына, ановуляцияға және басқа да қиындықтар тудыратынын анықтады.

Салмақтың артуы

Ұйқы ағзадағы гормондар деңгейіне әсер етеді. Ұйқы тапшылығы тәбетті арттырып, артық тамақтануға және салмақ қосуға әкеледі. Сонымен қатар зерттеулер жақсы ұйықтамаған адамдарда семіздікке бейімділік жоғары болатынын көрсетті.

Жұмыс өнімділігінің төмендеуі

Ұйқының сапасы мен көлемі күнделікті белсенділікке де әсер етеді. Егер адам жеткілікті демалмаса, оның зейіні, есте сақтау қабілеті және шешім қабылдау дағдылары нашарлайды. Бұл жұмыс өнімділігін төмендетіп, шаршаңқылықты арттырады.

Есте сақтау қабілетінің әлсіреуі 

Ұйқы жеткіліксізді тек зейін мен өнімділікке ғана емес, ұзақмерзімді когнитивтік денсаулыққа да әсер етеді. Зерттеулер жеткілікті түрде ұйықтамау есте сақтау қабілетін нашарлатып, ойлау жылдамдығын төмендететінін көрсеткен. Одан бөлек, созылмалы ұйқысыздық Альцгеймер ауруының даму қаупін арттыруы мүмкін.

Ұйқы сапасын жақсарту жолдары

Ұйқы режимін сақтау маңызды. Күнделікті режимді қалыптастыру, экран уақытын шектеу, физикалық белсенділікпен айналысу және жайлы орта жасау сапалы демалысқа ықпал етеді.

https://almaty.tv/kz/