
фото: Қазақстан транспорт министрлігі
Реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген
Нақтырақ айтқанда, "Түркістан", "Манкент", "Түлкібас", "Сарыағаш", "Темір", "Арыс-2" теміржол вокзалдарына реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жопарланған. Аталған вокзалдардың эскиз жобасы мен алдағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалағымен өткен кеңесте талқыланды.
"Бұл теміржол вокзалдары – ғасырлық тарихи нысандар. Мүмкіндігінше, тарихи архитектурасын сақтай отырып, жаңартқан жөн. Барлық ғимараттар бір типті болсын. Өндірістік кесте жасап, құрылыс мерзімін нақтылайық. Құрылыс жұмыстарына сапалы материалдарды қолданыңыздар. Аудан, қала әкімдеріне құжаттандыру жұмыстарын жүргізуге 10 күн уақыт беремін", – деді Нұралхан Көшеров.
Қазіргі уақытта республикадағы 125 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстары жүргізілмек. Соның ішінде, Түркістан облысы көлемінде 6 теміржол вокзалы ұсынылған. Бүгінде "Түлкібас", "Арыс-2", "Манкент" және "Сарыағаш" теміржол вокзалдарының қызметі уақытша ғимаратқа ауыстырылып, демонтаж жұмыстарын жүргізу үшін аумағы қоршалды.
"Түркістан теміржол вокзалы тарихи және мәдени ескерткіш болғандықтан, ғылыми-реставрациялық және авторлық қадағалау жұмыстарын "Казреставрация" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқарады", - делінген хабарламада.
Бүгінде облыстағы 5 теміржол вокзалына реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через