Шымкентте салмағы 1 кг сәбиге күрделі ота жасалды

Шымкентте салмағы 1 кг сәбиге күрделі ота жасалды
фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Сәбидің туғанына небәрі 45 күн ғана болды

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында салмағы небәрі 1 келі болатын сәбидің жүрегіне күрделі операция сәтті жасалды, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.

Сәбидің туғанына небәрі 45 күн болды. 25-ші аптада дүниеге келген нәресте наурыз айының басында орталықтың жаңа туған балалардың қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді. Оның салмағы небәрі 655 грамм, бойы – 28 сантиметр болды. Зерттеп-қарау нәтижесінде дәрігерлер "ашық артериялық өзек" (туа біткен жүрек ақауы) диагнозын қойып, оған қоса респираторлық дистресс-синдромды анықтады.

"Сәбидің жағдайы аса ауыр болғандықтан, ол бірден өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Диагноздың күрделілігіне байланысты перинаталдық орталықтың дәрігерлері бірнеше рет қаладағы кардиохирургтармен кеңесті. Сәбиге 45 күн толып, салмағы 1 келіге жеткенде, дәрігерлер жүрегіне операция жасау туралы шешім қабылдады. Ашық артериялық өзекке жасалған күрделі және аса дәлдікті қажет ететін бұл операция сәтті өтті", - делінген хабарламада.

Операцияны Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургі Асан Жұманов пен анестезиолог-реаниматолог Ақжол Әбдірайымов жасады. Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты ауыр. Ол перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің тұрақты бақылауында.

ҚазАқпарат