
фото: https://pixabay.com/ru/
Суперкомпьютердің қуаттылығы - шамамен 2 экзафлопс
Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді, деп хабарлады цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Суперкомпьютердің қуаттылығы - шамамен 2 экзафлопс. Оны жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арналған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинап шықты. Суперкомпьютер "Tier III" атты дата-орталығында орнатылады. Ал оның мүмкіндіктерін барлық сала өкілдері қолдана алады.
"Ең бастысы — суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оларға нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады", - дейді министрлік мамандары.
Айта кетері, Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Presight (G42) компаниясының кеңсесі ашылған болатын. Сол кезде министрлік пен Presight компаниясы арасында суперкомпьютерлік кластер құру туралы келісімге де қол қойылды.
"Бұл — елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады", — деді министр Жаслан Мәдиев.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через