Психолог: Ойынқұмарлық — әр отбасының шаңырағын шайқалтып тұрған мәселе

Психолог: Ойынқұмарлық — әр отбасының шаңырағын шайқалтып тұрған мәселе
фото: pexels.com

Қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық (лудомания) үлкен дертке айналып, көптеген отбасының шаңырағын шайқалтып жатыр. Бұл туралы психолог Дариға Назарова айтты.

kaz.inform.kz сайты жазғанындай, Дариға Назарованың айтуынша, соңғы жылдары ойынқұмарлыққа шалдыққандар саны күрт өскен. 2023 жылы психологқа 26 адам көмек сұрап жүгінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 71-ге жеткен, оның 13-і — әйелдер.

Оның сөзінше, ойынқұмар адам алғашқы кезеңде иллюзиямен жүреді.

— Проблема содан кейін басталады. Уақыт өте туыстары мен достары оның ойынға тәуелділігін біліп, оған сенбейді. Салдарынан ойынқұмар қарызға батып, абыройын жоғалтып, қауқарсыздыққа ұшырайды. Ең қауіптісі — адам өз мәселесін шеше алмайды, оның жалғыз жолы «өлім» деп ойлайды. Дер кезінде жанашыр адам табылып, маманның көмегіне жүгінбесе, мұндай жағдай қайғылы аяқталады, — дейді Дариға Назарова.

Психолог атап өткендей, ойынқұмар адамның қарызын айналасындағылар төлемеу керек, мәселесін біреу шешіп отырса, ол қиналмайды, тағы да төлеп береді деп өзін алдайды. 

— Қиындықты түсінбесе, ол адам мәселесін шешуге құлшынбайды. Ойынқұмарлыққа өзіне не керек екенін түсінбей жүрген адам кіріп кетеді, — деп түсіндірді маман.

Дариға Назарова ойынқұмарлықты қалай жеңуге болатынын айтып берді:

- Аптасына бір рет болса да өз әрекеттеріңізге баға беріңіз;
- Қаржылық сауаттылықты арттырып, тренингтер мен семинарларға қатысыңыз;
- Жақындармен көбірек уақыт өткізіп, туыстар мен достармен қарым-қатынасты нығайтыңыз;
- Спорт, музыка немесе басқа қызығушылықпен айналысыңыз;
- Ойынқұмарлықты мойындап, психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгініңіз.

— Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес ойынқұмарлық — үлкен дерт екенін нақтылады. Алайда, ойынқұмарлар әдетте өз ауруын мойындағысы келмей, «өзім тоқтата аламын» деп алдайды. Бұл ретте туыстардың міндеті — оның ауру екенін түсініп, маманға жеткізу. Маман ретінде айтарым ойынқұмарлықты санаға жеткізу арқылы жеңуге болады. Өзіміз де, айналамыздағы жанашырларымыз да аман болсын, — деп тілегін білдірді Назарова.

МАтериал kaz.inform.kz сайтынан алынды.