Отандық ғалымдар мақтаның жаңа сортын шығарды

Отандық ғалымдар мақтаның жаңа сортын шығарды
фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Қазіргі таңда Түркістан облысының ауыл шаруашылығында аталған сорт белсенді түрде енгізіліп жатыр. 

"Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірбие станциясы" ғалымдары "Мақтаарал-5027" атты мақтаның жаңа сортын шығарды.

"Бұл сорт ерте пісетін топқа жатады, өскіннен бастап алғашқы қауашақтың ашылуына дейінгі кезең 115–117 күнді құрайды. Өнімділігі гектарына 43,4 центнерге дейін жетеді. Сорт вилт ауруына төзімділігімен ерекшеленеді, ауруға шалдығу деңгейі тек 0,1% құрайды, бұл көрсеткіш бақылау сорты "Береке-07"-ден 0,3%-дан жоғары", - делінген хабарламада.

"Мақтаарал-5027" сортының талшығының шығымы 37–38%, ұзындығы 33,5–33,7 мм. Бұтасы конус тәрізді, жайылмалы емес, биіктігі 120–125 см. Қауашақтары дөңгелек, сәл бұдырлы, бес жапырақты, жақсы ашылады және пісіп-жетілгенде түспейді. 1000 тұқымның салмағы 122,5–124,2 граммды құрайды.

Аталмыш сорт мақта көбелегі мен карадринаға төзімді, талшық шығымының бақылау сортынан 2,2% жоғары және талшық ұзындығы 0,5 мм-ге артық.

Сонымен қатар, сорт тыңайтқыштарға бейімделген, кеш суаруға төзімді және механикалық жинауға ыңғайлы.

ҚазАқпарат