
фото: https://pixabay.com/ru/
Аталған факті бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы сотқа талап арызбен жүгінген.
Жамбыл облысында ер адам қайтыс болған әкесінің атынан зейнетақы алып отырған, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы сотқа талапарызбен жүгінген. Іс Жамбыл аудандық сотында қаралды.
Ер адам 2021 жылдың шілде айында қайтыс болған. Бұл туралы оның туыстары дер кезінде хабарламаған.
"Азамат қайтыс болғаннан кейін, яғни 2021 жылдың тамыз айынан 2023 жылдың ақпан айына дейін оған жалпы сомасы 1 млн 600 мың теңге көлемінде заңсыз зейнетақы аударылып отырған", - деп жазылған хабарламада.
2023 жылдың ақпан айында қайтыс болу фактісі анықталған соң барлық зейнетақы төлемі тоқтатылып, аударылған сомалар ішінара қайтарылған. Алайда, қайтыс болған ер адамның есептік картасынан белгісіз тұлғаның 235 мың теңгені шешіп алғаны анықталған.
Корпорация жауапкерден, яғни қайтыс болған азаматтың ұлынан ақшалай қаражат сомасын өндіруді сұрап, сотқа жүгінді. Істі қарау барысында, тараптарға татуластыру рәсіміне қатысу ұсынылып, нәтижесінде медиативтік келісімге қол жеткізілді.
Сотпен бекітілген келісімге сәйкес, жауапкер шығынды өтеуге міндеттенді, ал талап қоюшы өз кезегінде талаптан бас тартты.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через